Петропавлда дәстүрлі “Покровский перезвон” халықаралық фестивалі өтті. Орыс және казак мәдениетінің мәдени шарасы биыл 20-шы рет ұйымдастырылды. Мерейтойлық басқосудың ауқымы кең. Биыл қатысушы ұжымдардың да, көрерменнің де саны көп болды.
Облыстық филармонияның фойесінде он саусағынан бал тамған шеберлердің көрме-жәрмеңкесі өтті. Мұнда ерте кезеңде тұрмыста қолданылған көне заттарды да, заманауи бұйымдарды да табуға болады.
РЕГИНА ХАЛИУЛИНА, қала тұрғыны:
– “3D ойыншықтармен айналысамын. Оларды басып шығарып, гипстен түрлі бұйымдар жасаймын. Қазіргі уақытта бұл – заманауи өнердің бір түрі. Балаларға өте ұнайды әрі ерекше көрінеді. Түстерді ажыратуға және ұсақ моториканы дамытуға көмектеседі. Ойыншықтар көздің жауын алып, балалардың назарын өзіне аударады. Сондай-ақ, оларды телефоннан алыстатуға жақсы ықпал етеді”.
Аққайың ауданынан келген талантты музыкант Юрий Бакай өзінің бай жеке топтамасын көпшілік назарына ұсынды. Гармоншының қорында 140-тан астам музыкалық аспап пен көне тұрмыстық бұйым бар.
ЮРИЙ БАКАЙ, музыкант, Аққайың ауданы:
– “Мен іс-шараға үйде тұрған ескі музыкалық аспаптарымды әкелдім. Олар тұрғындар арасында зор қызығушылық тудырды”.
Фестиваль православие дініндегі маңызды мерекелердің бірі – қасиетті Құдай анасының Покровы мейрамына орайластырылған. Ол жыл сайын 14 қазанда атап өтіледі. “Покровский перезвон” фестивалінің басты мақсаты – халықтық дәстүрлерді сақтау, достық пен мәдени байланыстарды нығайту. Биылғы мерейтойлық шараға Қазақстанның түрлі қалалары мен Ресейдің шекаралас өңірлерінен 20-дан астам шығармашылық ұжым қатысты.
ЕЛЕНА СУЛТАНОВА, “Казачья воля” халық әндері ансамблінің жетекшісі, Ишим қаласы, РФ:
– “Біз бұл фестивальге алғаш рет келіп отырмыз. Өзім Петропавл қаласының тумасымын. Бүгін осындай үлкен шығармашылық фестивальге қатысып, өнерімізді көрсетіп және басқа ұжымдардың өнерін тамашалауға мүмкіндік туғанына қуаныштымыз. Біз казак өнері мен мәдениетінің дәстүрлерін бағалаймыз. Оларды жаңғыртып, халық арасында кеңінен насихаттауға тырысамыз”.
Сахнада көңілді әндермен қатар, махаббат, ата-ана мен туған жер туралы сырлы балладалар шырқалды. Кестелі ұлттық киімдер, папахалар мен казак мәдениетіне тән бұйымдар әр қойылымға ерекше реңк берді. Өнерпаздар көрерменге көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.
Аружан Султанова