Спорт

“Қызылжар” ФК маңызды жеңіске жетті

Өткен сенбі күні петропавлдық “Қызылжар” футбол клубы маңызды жеңіске жетті. Жергілікті жігіттер көршілес өңірде павлодарлық “Ертіс” сапында доп тебетін әріптестерін тізе бүктірді. Матчта Айбол Әбікен керемет голдың авторы атанды. Алыстан шірене тартқан жартылайқорғаушының добын қақпашы қайтара алмады. Ал екінші таймда албаниялық легионер Лиридон Латифи пенальтиден мүлт кетпеді. Бұл жеңіс теріскейлік ұжымға қауіп аймағынан шығып, турнирлік кестеде 11-ші сатыға көтерілуге мүмкіндік берді. Ендігі ойын көкшетаулық “Оқжетпес” клубына қарсы өтеді. “Солтүстіктің дербиі” саналатын кездесу сырт алаңда қазанның 17-ші жұлдызына белгіленген.

Байболат Култанов