Аптадағы маңызды жаңалықтар

Краснояр негізгі мектебінде тұңғыш рет қазақ сыныптары ашылды

ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– “Бұл – Қызылжар ауданындағы Краснояр негізгі мектебі. Биыл мұнда оқушы саны артты. Бұған себеп – күнгейден қазақ отбасыларының көшуі. Шәкірт санының ұлғаюына байланысты биыл мұнда алғаш рет қазақ сыныптары да ашылды”.

Бұл – Краснояр негізгі мектебінің қазақ тілінде білім алатын балақайлары. Білім ұясының 170 жылдық тарихы бар. Биылғы оқу жылында мұнда тұңғыш рет қазақ сыныптары құрылды. Бала саны көп емес, сондықтан 1-3, 5-6 және 7-8 сыныптардың сабағы бірге өткізіледі. Бұндай білім беру форматы шағын жинақты сыныптарға тән. Әрқайсысында 3-4 баладан бар.

Омарбек Бөрібеков Краснояр мектебінде физика және математика пәндерінен білім береді. Өзбекстан елінде туған. Шымкент қаласында тұрған. Қызылжар өңіріне 2017 жылы көші-қон бағдарламасымен қоныс аударыпты. 30 жыл шәкірт оқытқан азамат еңбек жолын көшіп келісімен Краснояр мектебінде жалғастырады. 4 тілді жетік меңгерген маманның айтуынша, балаларды ана тілде оқытқан бір ғанибет.

ОМАРБЕК БӨРІБЕКОВ, Краснояр негізгі мектебі физика және математика пәндерінің мұғалімі, Қызылжар ауданы:
– “Мен келгенде бұл мектепте қазақ сыныптары болмады, тек орыс сыныптары еді. Биыл енді оқушылардың саны көбейіп, бірінші рет қазақ сыныптары ашылды. Бізге өте жақсы болды, қуаныштымыз. Қазір өзімнің екі балам да осы жерде оқиды. Биылдан бастап қазақ сыныптарына көшті. Балалар да, біз де өте қуаныштымыз”.

Омарбек Ырысбекұлының екі баласы бар. Қызы Кәусар мен ұлы Бақберген әуелде мұнда амалсыздан орысша оқыған. Қазір жеткіншектер қазақ сыныптарының ашылғанына қуанышты.

КӘУСАР ЫРЫСБЕК, оқушы:
– “Мен 5-ші сыныпта оқимын. Осында 9 жыл тұрамыз. Орыс сыныбында оқуға сәл қиын болған. Қазір қазақ сыныбына өттім, бәрі жақсы”.

БАҚБЕРГЕН ЫРЫСБЕК, оқушы:
“Мен қазақ сыныбында оқимын. Бұрын орысша оқыдым. Қазақ сыныбына ауысқанда пәндер оңай болды. Көп дос таптым”.

Краснояр тұрғындарының дені – өзге ұлт өкілдері. Ауылға біртіндеп күнгейден отбасылар көшіп келіп жатыр. Барлығы – қоныс аударған 5 отбасы тұрады. Мектепке 10-ға жуық бала келіп қосылған.

Мектеп басшылығы қазақ сыныптарының қажеттілігін ескеріп, аудандық білім бөліміне өтініш жасаған. Білім ошағына қазақ тіліндегі оқулықтар мен жаңа мамандар жіберілді.

ОЛЬГА МИХАЙЛОВА, Краснояр негізгі мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:
– “Ауыл тұрғындарының көбі – зейнеткерлер. Мектепте көптен бері бала саны өспеген еді. Басқа өңірден отбасылар көшіп келгенде білім ұясындағы оқушы қатарының толыққанына қуандық. Бірден білім бөліміне өтініш жібердік. Мәселе тез шешілді.”.

Краснояр негізгі мектебінде 40-қа жуық бала оқиды. Оларға 20-ға тарта ұстаз тәлім береді. Ал ауылдың өзінде 300-ге жақын адам тұрады екен.

Жаннур Бектурганова