Мәдениет

Халықарылық сайыс: Тайынша ауданында желден жүйрік тазылар жарысы өтті

ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– “Бәйгеге ат қосып, ит жүгірту қазақтың қанында бар. Жыл артқан сайын ежелгі дәстүріміз аққайыңдар өлкесінде жандана түсуде. Оған дәлел – бүгінгі Тайыншадағы жарыс. Мұнда бұрынғы Көзашар ауылының маңында ұшқан құсқа жететін құмайлардың халықаралық сайысы басталды”.

Атадан қалған асыл мұраны жалғастырған аңшылар өңірімізге осынмен екінші мәрте ат ізін салып отыр. Мұндай дода кешегі Ақан серінің Басаралысы жүгірген аймағымызда былтыр да өтті. Сайын далада саят құруға әуес азаматтар алдында Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Көк аспанның сәнін қыран құс келтірсе, жерде тазыға таңдай қағамыз. Оның сұлулығын, шеберлігі, жүйріктігін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қасиетті тұқымды сақтап, халықаралық деңгейде дәріптеу мақсатында Қазақстанда 2019 жылы арнайы жоба қолға алынған. Қазір осы бастама аясында түрлі жұмыстар жүргізілуде.

АЗАТ ЖҮКЕН, жоба авторы:
– “Тазының ерекшелігі – аңды өзі көруі, іздеуі және қууы. Осындай керемет жоғары деңгейдегі интеллектік қасиеттерін шетелдіктерге көрсетіп алдық. Сол себептен осындай жарыстар өткіземіз. Әрбір қатысушы үлкен жұмыс атқарды, тазыны көлікпен әкелу – қиын шаруа”.

ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– “Желмен жарысқан жүйріктің әр қимылынан еркіндіктің лебі сезіледі. Бұл құмайдың аты – “Кукла”. Бізге Абай облысынан келген”.

Қараған адам еріксіз “тіл-көзім тасқа” дейтін иттің иесі – Нұрдәулет Қаламбаев. Тазыны күшік күнінен асырап, ерекше қырларын ашқан. 6 айынан бастап аңшылыққа шығарыпты. Осындай додалардың алдында арнайы дайындайды екен. Күтіміне ай сайын 100 мың теңгедей қаражат жұмсайды.

НҰРДӘУЛЕТ ҚАЛАМБАЕВ, қатысушы, Абай облысы:
– “Тазыны бала кезімізден ұстаймыз, аңшылықта серігіміз, адал досымыз. Мына “Кукла” деген тазым селекция арқылы шыққан, жасы төртте. Үлкен жарысқа бірінші рет қатысып тұрмыз. Күнделікті күтімі мен тамағын қадағалап отырамыз”.

ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– “Сайысқа басқа да аңшы иттер қатысты. Бұл – қырғыз тайғаны. Қазақ тазысымен ұқсастығы бар. Айырмашылығы мынада: қырғыз тайғандары негізінен таулы жерлерде аңшылық етуге арналған. Тазыдан бойы кішілеу келеді, жүні қалың болады. Бұл құмайдың аты – “Ұлар”. Жарысқа Қырғызстан елінен жеткізілген”.

Қырғызстандық қонақ Нұрбек Жолдошбеков бұл сайысқа былтыр да қатысып, жүлделі орынға ие болған. Төрт жасар “Ұлар” тау-таста әбден шыңдалыпты. Иесімен 1700 шақырым жүріп өтсе де шаршаңқы көрінбейді.

НҰРБЕК ЖОЛДОШБЕКОВ, қатысушы, Қырғызстан:
– “Қазақ пен қырғыз – қаны бір бауырлас халық, аңшылық біздің де қанымызда бар. Мен тайғандарды 8 жыл ұстаймын. Үйде тағы 3 итім қалды. Мұнда дала кең, еліктер көп. Біз жақта елік аз. Бүгінгі жарыстың ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде дегім келеді. Өзімізді үйде жүргендей сезінеміз”.

Қазақтың қасиетті тазысын көруге тек өңір тұрғындары емес, алыс шетелдерден де көрермен келді. Солардың бірі – Ұлыбританиядан келген танымал саятшы-фотограф Скотт Аллан. Ол аңшы иттер жайлы документалды кітап жазып жатыр. Ливерпульден арнайы жеткен шетелдік зерттеу барысында әлемнің 12 елінде болған.

СКОТТ АЛЛАН, жазушы, Ұлыбритания:
– “Ұлыбританияда итпен аң аулау заңмен шектелген. Бірақ, бұл менің сүйікті ісім. Сондықтан осы өнерді зерттеу үшін бүкіл әлемді аралаймын. Қазақстанға бірінші рет келдім. Тазы мен тайған – менің тізімімдегі 68-ші және 69-шы тұқымдар. Тазылардың персидтік салюкиге ұқсайтын қасиеті бар, бірақ тазының сүйегі мықтырақ, төзімділігі әлдеқайда жоғары. Иттердің ақылы мен шапшаңдығына таң қалып отырмын. Бұл – нағыз табиғи құбылыс”.

Скотт Алланмен бірге Америкадан да арнайы қонақ келді. Осы жарысқа бола Техастан Астанаға 16 сағат ұшқан Коди Кингтің әкесі – ғұмыр бойы аңшы иттерді ұстаған жан. Сол қызығушылығы баласына да дарыпты.

КОДИ КИНГ, көрермен, АҚШ:
– “Америкада да аңшы иттер бар, бірақ мұндай мыңжылдық тарихы бар, табиғи күйінде сақталған тазыларды көрген жоқпын. Ең таңғаларлығы – олардың қашықтықты шаршамай еңсеруі. Жылдам жүгіріп қана қоймайды, тынысы тарылмай жүгіре алады. Бұл тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлемнің мақтанышы болуға лайық бірегей тұқым деп ойлаймын”.

Сайыс арнайы аумақта өтті. Тәртіпті арнайы мамандар жіті қадағалады. Тазылардан құтыла алмаған жануарлар кейін бірден табиғат аясына жіберілді. Жарыста 70-ке жуық жүйрік бақ сынасқан. Бұл – алдағы ақтық сынға іріктеу бәсекесі. Ал мықтылардың мықтысы анықталатын басты финал қараша айында Ақмола облысында өтеді.

Жаннур Бектурганова