Демалыс күндері хоккейден ел чемпионатының 17-18 тур ойындары өтті. Бұл кезеңде жергілікті “Құлагер” хоккей клубы өз алаңында қарағандылық “Сарыарқамен” кездесті. Қарсылас азулы, бірнеше рет Қазақстан чемпионы атанған. Сенбі күні өткен матчта қонақтар қай жағынан болмасын теріскейліктерден басым болды. Есеп – 1-3. Жексенбі күні өткен ойында петропавлдықтар қарсыласты жіті зерттегені көрінді. Корттың әр бұрышында кескілескен айқас болды десек қателеспейміз. 3 периодтың қорытындысы бойынша қарсыластар тең тарқасты. Ал буллиттер сериясында құлагерліктер қонақтардан басым түсіп, жеңісті жұлып алды.
АНДРЕЙ СПИРИДОНОВ, “Құлагер” ХК бас жаттықтырушысы:
– “Осыған дейін 5 ойын қатарынан жеңіліске ұшырадық. Турнирлік кестеде де төменгі сырғыдық. Сәтсіз серияны жою керек болды. Біз мақсатымызға жеттік. Ұжым болып бірігіп, чемпионаттағы басты фавориттен басым түстік. Кеткен қателіктермен жұмыс істейміз. Жеңісті күндер алда. Бізді қолдаған жанкүйерлерге алғысым шексіз”.
Қазіргі “Құлагер” хоккей клубы турнирлік кестеде 6-шы орында тұр. Қоржында 22 ұпай бар.
Нурасыл Ахмет