БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– “Тақтайдай тегіс жол дейміз, көп ұзамай бұны да жөндейміз. Сырт көзге бетоннан берік көрінетін асфальттың жарылуына, мүжілуіне, ойылуына не себеп? Сала мамандарын сөзге тарттық. Олардың пікірінше, артық астық артылған, тонналап темір мен тас тиелген жүк көліктері шыдатпайды. Осындай техника тізгіндегендерді анықтау, заң талаптарын түсіндіру, жазалау мақсатында облыста арнайы рейд басталды. Бұл шараға Ақмола, Қостанай облысының мамандары қатысып жатыр”.
Сауысқандай сақ сақшылар ысқырық шалып, таяқты меңзеп, күмән туғызған көлікті бірден тоқтатады. Жолдың жетінде арнайы таразы бар. Сол арқылы техника мен жүктің салмағы өлшенеді. Мына «КамАЗ»-дың жүргізушісіне мін таға алмайсың. Ол ұсынған жүкқұжатындағы сандар мен таразыдағы көрсеткіш бірдей. Мамандар сәттілік тілеп, рөлдегі азаматты шығарып салды.
НҰРФАЗЫЛ КЕНЖЕТАЕВ, СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары:
– “Бүгіннен бастап біз күндіз және түнде жұмыс істейміз. Өңірдегі жолдардың барлығын қамтуға тырысамыз”.
Астық, тас, балшық, құм сынды ауыр жүк түрлері тасымалданатын көліктердің салмағы әртүрлі. Сақшылар әрқайсысына қанша жүктеме түсу керектігін жақсы біледі.
Ақмолалық, қостанайлық мамандар өңірімізде бірнеше күн болады. Олардың тәжірибесі мол. Бұған дейін еліміздің бірнеше өңірінде болып, рейд шараларына қатысыпты.
МҰРАТ ОРЫНБАЕВ, Қостанай облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы:
– “Арнайы СҚО-ға келдік. Мақсатымыз – әріптестерімізге жәрдем беру. Бұған дейін басқа облыстарда болдық”.
Арнайы рейд ұйымдастырылып жатқанын жүргізушілер естіген болу керек, “Оңтүстік” өткізу бекеті маңында ауыр жүк тиелген көліктер сиреді. Мамандар бұндай сәтте өздері жолға шығады. Арнайы көліктері сақадай сай.
НҰРФАЗЫЛ КЕНЖЕТАЕВ, СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары:
-“Бізде 3 жылжымалы кешен бар. Ішінде тасымалданатын таразы бар”.
Енді аз-кем статистикаға тоқталсақ. Өңірімізде шамадан тыс жүк тиелген көліктерді анықтау жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. Жыл басынан бері ережеге пысқыра қараған тұлғаларға қатысты жүздеген хаттама толтырылыпты. Ал салынған айыппұлдың көлемі әжептәуір.
– “Ауыр салмақты және ірі габаритті жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу деректері бойынша 2026 жылдың 9 айында өңірде кінәлі тұлғаларға қатысты 378 әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде 337 әкімшілік құқық бұзушылық туралы материал рәсімделді. 139,89 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 79,76 млн теңгені құрады. Бүгінгі таңда салынған айыппұлдар толық көлемде өндірілді”.
Қоса кетейік, ауқымды бірлескен рейдті өткізудің өзіндік себебі бар. Өңірде құрылыс науқаны аяқталып келеді. Әдетте мұндай кезеңде көліктерге құрылыс материалдары шамадан тыс көп артылады екен. Сол себепті, мамандар жүргізушілер мен кәсіпкерлерді тәртіпке шақырғысы келеді.
Байболат Култанов