Спорт

Ерекше қажеттіліктері бар балалардың сайысы

Ерік-жігері мықты, көздерінде от жалындаған балалардың сайысы. Петропавлда ерекше қажеттілігі бар жасөспірімдер арасында “Arm Back” спортынан қалалық чемпионат өтті. Жарысқа 30-ға жуық ұл-қыз қатысты. Олар 3 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Айта кету керек, сайысты “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру орталығының мамандары “Әділет” партиясының қолдауымен ұйымдастырды.

АҚЖАН НӘКЕНОВ, “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру орталығының жаттықтырушысы:
– “”Arm Back” спортын армрестлингпен шатастыруға болмайды. Мұнда сайысқа шыққан қос қарсылас арнайы үстелге бекітілген тұтқадан ұстап, бір-бірін тарту арқылы мықтыны анықтайды. Аталған спорт түрінен жарыстарды жиі өткіземіз. Жеткен жетістіктеріміз де бар. Жуырда республикалық додада шәкірттерім командалық сайыста үздік үштіктен көрінді”.

Аталған спорт түрінде қатысушының күші, төзімділігі мен жылдамдығы сыналады. Жарыстарды жиі өткізудің де өзіндік себебі бар. Сайысқа шығу арқылы ерекше балалардың өзіне деген сенімі артады, қоғамға бейімделеді.

 

Жарыс қарқынды өтіп жатыр. Қатысушылардың арасында оңай шағылар жаңғақ жоқ. Бәрі тыңғылықты дайындықпен келген. Егор Миргородский туғанынан аутизм дертіне шалдыққан. “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру орталығында дайындалып жүргеніне 3 жылдан асқан. Жігерлі жаста оң өзгеріс байқалады. Мұны анасы Наталья Бушуева айтып отыр.

НАТАЛЬЯ БУШУЕВА, қала тұрғыны:
– “Балам бұрын тұйық болды. Орталыққа барғалы бәрімізбен сөйлеседі. Дүкенге өзі барады. Автобуспен емін-еркін жүре алады. Аптасына 3 рет дайындалады. Спортқа деген құлшынысы жоғары. Егордың жоғары нәтижелерге қол жеткізетініне сенімім мол”.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы сыйлықтармен марапатталады. Чемпион атанған балалар қала намысын облыс чемпионатында қорғайды.

Нурасыл Ахмет