Денсаулық сақтау

Университетте жұқпалы емес аурулардың алдын алуға бағытталған халықаралық жоба іске қосылды

Қозыбаев университетінде елеулі оқиға орын алды. Білім ордасында “Young Health Programme” халықаралық бағдарламасы іске қосылды. Жоба жастар арасында жұқпалы емес аурулардың алдын алып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған. Қазақстанда алғаш рет жүзеге асып отыр. Игі бастама отандық “Just Support” қоры мен британдық-шведтік “AstraZeneca” фармацевтикалық компаниясының қолдауымен іске қосылды. Бүгін тараптар оқу орнының қабырғасында меморандумға қол қойды.

Меморандумнан кейін университет студенттеріне бағдарлама жайлы кеңінен түсіндірілді. Шараға Ұлыбритания мен Швецияның Қазақстандағы елшілері Салли Джейн Аксуорси мен Стефан Эрикссон қатысты. Жоба 1 жыл бойы жүзеге асады. Ұл-қыздардың денсаулыққа қатысты сауатын арттыруды көздейді. Алқалы жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов игі бастаманың өңір үшін аса маңызды екенін атап өтті.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, облыс әкімінің орынбасары:
– “Біз үшін құрметті елшілер мен халықаралық серіктестерді қарсы алу зор мәртебе. Бүгінгі кездесу жақсы байланыс орнатып, бірлескен жұмысымызды жалғастыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын”.

Бастама аясында жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесі аурулары, қатерлі ісік пен қант диабетінің алдын алу мәселелеріне басымдық беріледі. Сондай-ақ, темекі мен алкоголь тұтыну, қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау және ауаның ластануы сияқты қауіп факторларға ерекше назар аударылады. Студенттерге шетелдік профессорлар дәріс оқиды. Жергілікті ғалымдармен тәжірибе алмасады. Айта кету керек, жобаның жүзеге асуына Ұлыбритания мен Швецияның Қазақстандағы елшілері зор қолдау көрсетті.

САЛЛИ ДЖЕЙН АКСУОРСИ, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі:
– “Ауызша келісім жасалғаннан бері жобаның басы-қасында жүрдік. Бірнеше мәселені шешуде көмек көрсеттік. Енді Қозыбаев университетінің студенттері игі бастаманың игілігін көреді деп сенемін”.

СТЕФАН ЭРИКССОН, Швецияның Қазақстандағы елшісі:
– “Қозыбаев университетінің мүмкіндігімен таныстық. Әсіресе оқу-лабораториялық корпустары ұнады. Мұнда кез келген зерттеу жұмысын жүргізуге болады”.

“AstraZeneca” компаниясы қатерлі ісіктерді зерттеп қана қоймай, оны емдеуге арналған дәрі-дәрмек шығарады. 100 жылдық тарихы бар. Алдағы уақытта ұйым білім ордасымен бірге бірнеше жобаны жүзеге асыруы мүмкін.

ЕЛЕНА ТРОГОВА, “AstraZeneca” компаниясы Қазақстандағы өкілдігінің бас директоры:
– “Пандемия кезінде компания коронавирусқа қарсы вакцина әзірледі. Әлемнің түкпір-түкпіріне жеткізді. Өзіміздің ауқымды зертханамыз бар. Бізде әлем мойындаған ғалымдар жұмыс істейді. Алдағы уақытта Қозыбаев университетінің оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен дәрі жасау бойынша зерттеу жұмыстары өткізілуі мүмкін. Бәрі уақыт еншісінде”.

Қазіргі таңда университетте 8 мыңнан астам студент 160 білім бағдарламасы бойынша оқуда. Биыл білім ордасындағы ғылым саласына 1 млрд 300 млн теңге бағытталған. Алдағы уақытта аталған бағдарлама ұл-қыздардың медициналық сауатын ашып, түрлі зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма төрағасы-ректоры:
– “Жыл басында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен Лондонға бардық. Сол кезде компанияның өкілдерімен кездесіп, жобаны жүзеге асыру бойынша келісімге келдік. Елге оралған соң бастаманы жан-жақты талқыладық. Бізге отандық “Just Support” қоры көмек көрсетеді”.

Алдағы уақытта “Just Support” қоры 60 млн теңге бөледі. Бұл қаржыға түрлі шаралар өткізіліп, спорт алаңдары ашылмақ.

Нурасыл Ахмет