Петропавлда «Ұлтын сүйген ұлылар» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Алғаш рет өткен шығармашылық додаға еліміздің әр өңірінен композиторлар қатысып, патриоттық әндер мен оркестрлік туындылар ұсынды. Ұйымдастырушыларға 20-дан астам өтінім түскен. Қазылар алқасының іріктеуінен өткен 10 шығарма үздік деп танылып, арнайы музыкалық жинаққа енді.
Бұл байқау – ұлттық музыка арқылы тарихи тұлғаның мұрасын танытуға бағытталған бастама. Шара қазақтың белгілі зиялы қауым өкілі Әлти Көкенұлының құрметіне ұйымдастырылған. Марапаттау рәсімінде жеңімпаздар анықталып қана қоймай, үздік туындылар жинақталған компакт-диск те таныстырылды. Осылайша, байқауға ұсынылған шығармалар тыңдарманға жаңа форматта жол тартты.
ЖОЛАМАН ТҰРСЫНБАЕВ, ҚР еңбек сіңірген ардагері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері:
– “Бұл байқауға көбінесе жас композиторлар қатысты. Біздің мақсатымыз да осы – жастардың жүрегімен, тербенісімен, сезім мен толғаныстан туған шығармалардың дүниеге келуіне қолдау көрсету. Қатысушылардың барлығын жеке танымауымыз мүмкін, сондықтан олардың шығармаларын, музыкасын тыңдап, туындыларына қарап бағаладық”.
Тарихи мұраны сақтау тек өткенді еске алумен шектелмейді. Оның мәнін кейінгі ұрпаққа түсіндіріп, елге еңбегі сіңген тұлғалардың өнегесін таныту да маңызды. Әлти Көкенұлының шөбересі Аймағанбет Барлыбаев та осы бастаманың мәніне тоқталды.
АЙМАҒАНБЕТ БАРЛЫБАЕВ, Әлти Көкенұлының ұрпағы:
– “Мұндай іс-шараның жас ұрпақ үшін маңызы зор. Өйткені, егемен еліміздің тарихын білу, ата-бабамыздың өнегесін кейінгі буынға жеткізу – біздің міндетіміз. Әлти Көкенұлы сынды ұлтжанды тұлғалардың ел үшін атқарған еңбегі бүгінге дейін өз жалғасын тауып келеді. Отанды қадірлеу – биік қасиет. Әсіресе қазіргі заманда жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырудың маңызы зор. Сондықтан шараның маңызы зор деп есептеймін”.
Іс-шараның ресми бөлімнен соң көрермен назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.
Жансая Дербисова