Мәдениет

“Батыр. Қаламгер. Қайраткер”: Петропавлда ҰОС батыры Ж. Қизатов туралы кітаптың тұсауы кесілді

Соғыс жылдарында ерлігімен елге танылып, кейін мемлекет пен қоғамның дамуына үлес қосқан тұлғалар тарихта ерекше орын алады. Солардың бірі – Кеңес Одағының Батыры, жазушы әрі қоғам қайраткері Жәлел Қизатов. Петропавлда Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада батырдың 105 жылдығына орай жарық көрген “Батыр. Қаламгер. Қайраткер” кітабының тұсаукесері өтті.

КЕМЕЛ ОСПАНОВ, “Қоғамдық келісім” КММ басшысы:
– “Бұл ерекше маңызы бар кеш. Былтыр жерлесіміздің 105 жылдық мерейтойына орай Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарымен бірігіп, біраз қызмет жасадық. Ол кісінің жасаған ерліктері туралы жазылған барлық материалды жинап, топтастырып, кітап қылып шығардық. Бүгін – сол кітаптың тұсаукесері. Мен ойлаймын, бұл біздің жастарға патриоттық тәрбие беруде үлкен маңызы бар деп. Кітаптың тұсаукесеріне өңірдің зиялы қауымы жиналып отыр, студенттер, мектеп оқушылары, ұстаздар келіп отыр”.

Жәлел Қизатұлы – Есіл ауданындағы Қарағай ауылының тумасы.
Ұлы Отан соғысына қатысып, майдандағы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Соғыстан кейін ел игілігі жолында еңбек етіп, мемлекеттік және қоғамдық қызметпен қатар, әдебиет саласында да із қалдырды. 1968 жылы жұмыс бабымен Қызылорда қаласына қоныс аударады. Жазушы көркем, деректі және публицистикалық стильде бірнеше еңбек басып шығарған. Оның өмір жолы мен шығармашылығы “Батыр. Қаламгер. Қайраткер” атты кітапта кеңінен қамтылған.

ӨМІР ЕСҚАЛИ, журналист, қоғам қайраткері:
– “Жалпы, бұл кісі жайында әлі өзінен кейін де насихатталып келе жатыр деп айта алмаймыз. Өйткені, мына 500 беттік кітапта бұл тұлғаның көптеген беймәлім сырлары мен қырлары бар. Бір риза болатыным – Қызылорда облыстық әкімінің қолдауымен шығарылып отырған кітап екен. Бұл кісі – тек қаһарман емес, үлкен жазушы. “Өмір мен өлім” деген кітабы бар. Сол өліммен бетпе-бет келген кітаптары бар. Онда бүкіл ауылдың тарихын айтады, елдің тарихын айтады. Сол уақытта болған бүкіл жағдайларды, бастан кешкен оқиғаларды айтады”.

Тарихи тұлғаның есімін ұлықтау – өткенді дәріптеу ғана емес, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету. Бүгінде шаһарымызда Жәлел Қизатовтың есімімен аталатын көше бар. Ал батырдың өмірі мен еңбегін арқау еткен жаңа басылым оның мұрасын кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Кітап арқылы оқырман ел тарихындағы елеулі тұлғаның өмір жолымен танысып, оның ерлігі мен азаматтық болмысынан тағылым ала алады.

Аружан Султанова