Көпшілік алдында сөйлеу де өнер. Ойыңды жеткізуден бөлек, қауым алдында өзіңді қалай ұстау керек? Әр айтқан сөзің тыңдарманның жүрегіне жету үшін қалай сөйлеу қажет? Сөзшең адамға тән қасиеттер туралы бүгін студенттерге арнап өткізген шеберлік сабағында айтылды.
АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– “Біздің міндетіміз – жастарға тек теориялық білім беріп қана қоймай, өзін практикада сынап көруге мүмкіндік беру. Ішкі кедергілерін еңсерген адам өзін қауым алдында еркін әрі сенімді ұстайды. Бұл – адамды өзін-өзі дамыту барысында қол жеткізуге болатын нәтиже”.
Жастарға шешендік өнерден бағыт-бағдар беруші – Арам есімді белсенді. Қоғамдық шаралардан қалыс қалмайтын жан өз қабілеттерін де дамытуға мән береді. “Ізденістен жалықпаған адам қоғамның алды, өзгеге үлгі болады”,- дейді ол. Арамның шешендік өнерге бет бұрғанына 6 жыл болыпты. Талай форумға қатысқан. Ендеше тыңдарманға айтары да бар.
АРАМ, шешендік өнер дағдыларын дамыту бойынша жаттықтырушы:
– “Көпшілік алдында сөйлей білу немесе өз ойын әдемі жеткізе алу – кез келген адам үшін басты факторлардың бірі екенін айтқым келеді. Әсіресе біреумен диалог жүргізгенде, келіссөздерде немесе бір жерге жұмысқа орналасу үшін өз резюмесін қорғаған кезде. Бүгін мен жастарға өз ойын қорғауды, аудиторияны қалай дұрыс табуды, аудиториямен қалай жұмыс істеуді, ал ең бастысы – көпшілік алдында сөйлеу қорқынышын жеңуді, көркем сөйлеуді және өз ойын анық білдіруді үйретемін”.
Спикердің сөзін студенттер ұйып тыңдады. Коммуникативтік қабілет әрдайым жоғары бағаланады. Осы ретте жиынның пайдасы мол деді.
ИННА ЦАРЕВА, студент:
– «Жастар ынталы болғандықтан, көп нәрсені біліп, үйренгісі келеді. Оңды-солын енді танып жатқан жастар үшін мұндай жиындардың маңызы зор”.
Сабақ соңында белсенді қатысқан студенттерге сертификаттар табысталды. Оқыту іс-шарасы өңірдегі барлық орта арнайы оқу орындарын қамтуы мүмкін.
Аружан Султанова