Қоғам

Петропавлда жасанды интеллектіні меңгерген ұстаздар бақ сынады

САНДУҒАШ ҚАЙЫРБЕК, тілші:
– “Жаңа заман – жаңа мүмкіндік. Бүгін Петропавлда ұстаздар қауымы өзара бақ сынауда. Бұл жолғы сайыс әдеттегіден басқаша”.

Әдетте ұлағатты ұстаздарды ғылыми жобалар байқауларында, шығармашылық додаларда көреміз. Ал бүгінгі бәсекеде мұғалімдер жасанды интеллектіні қаншалықты меңгергендерін тексереді. Облыстық олимпиада «AI-Ustaz» деп аталады.

НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, SKO HUB филиалының директоры:
– “«AI-Ustaz» – әдістемелік орталықтың бастамасымен құрылған ауқымды жоба. Бастама бүкіл Солтүстік Қазақстан облысында қолдау тапты. Қазір алға жылжып келеді. Бүгінгі сайыс өз қызметінде жасанды интеллектіні белсенді қолданатын және оны басқаларға үйретіп жүрген 100-ден астам педагогты қамтиды. Араларында аудан орталықтарында, ауылдарда еңбек ететін ұстаздар бар”.

Сайыстың іріктеу кезеңіне 70-тен астам өтінім түскен. Нәтижесінде 50 қатысушы финалға жолдама алды. Финалистер команда түрінде және жекелей хакатонға қатысып, жасанды интеллект көмегімен интерактивті сабақтар әзірледі. Тапсырманы орындау үшін 90 минут берілді, соңында жобаларын сарапшылар алдында қорғады. Амангелді Жиентаев – Шал ақын ауданының өкілі. Оның бұл салада тәжірибесі бар.

АМАНГЕЛДІ ЖИЕНТАЕВ, Ғ.Малдыбаев атындағы Жаңажол орта мектебінің тарих пәні мұғалімі:
– “Наурыз айында республикалық жарысқа жасанды интеллект бағыты бойынша қатысып, орын алған болатынмын. Енді осы жолы да өз білімімді сынап көргім келді. Жасанды интеллект заманы. Ол көп жұмысымызды жеңілдетіп, уақытымызды тиімді пайдалануға көмектесіп жүр. Мысалы, конспект дайындау, сабаққа дайындалу кезінде өте тиімді”.

Ұстаздар үш номинация бойынша сынға түсті. Жеңіске жеткен қатысушылар ақшалай жүлдемен марапатталады және олар республикалық кезеңге жолдама алады.

Сандугаш Кайырбек