Қалтадан шығатын қаржының көлемі артуы мүмкін. Петропавлда ауызсу тарифін 30 пайызға ұлғайту жоспарлануда. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментінде айтылды. Шаһарда баға соңғы рет 1-сәуірде көтерілген. Жарты жыл бұрын баға 9 теңгеге артқан.
ЖЕҢІС СҰЛТАНОВ, “Қызылжар су” ЖШС бас директоры:
– “Тұрғындар судың әр текше метрі үшін 101 теңге төлейді. 1-қаңтардан бастап 139 теңгеге көтеруді жоспарлап отырмыз. Бүгінде бюджеттен қаржыландыратын ұйымдарға бекітілген баға – 3134, ал заңды тұлғалар мен басқаларына 591 теңгені құрайды. Келесі жылдың басынан олар үшін де баға 30 пайызға ұлғаюы мүмкін”.
“Қызылжар су” серіктестіктігінің басшылығы мұндай шараға амалсыздан барып отырмыз дейді. Бұған дейін кәсіпорын бірнеше мақсат бойынша мемлекеттен ақша алып отырған. Қазір барлық жұмысты өз қаражатына істеуі қажет. Тұрғындардан алынған қаржының бір бөлігі желілерді ауыстыру және жөндеу жұмыстарына бағытталады. Атқарылатын шаруалар қаладағы апат санын азайтуға мүмкіндік береді.
ЖЕҢІС СҰЛТАНОВ, “Қызылжар су” ЖШС бас директоры:
– 2015 жылдары қалада 500-ге дейін апат болатын. Былтырғы көрсеткіш 140-қа жуықтайды. Айырмашылық жер мен көктей. 2027-2031 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында 26 шақырым су құбыры мен 10 шақырым кәріз желісін қайта жаңғыртып, күрделі жөндеуден өткіземіз. Маңызды іске 3 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталады. Сонымен қатар, су көтергіш және кәріздік сорғы станцияларын реконструкциялауды да жоспарлап отырмыз”.
Айта кету керек, Петропавлда 94 мыңнан астам тұтынушы бар. Мәселені Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің мамандары жіті қарайды. Содан кейін барып қана шешім шығарылады.
Нурасыл Ахмет