Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде 9 айдың қорытындысы бойынша жедел кеңес өтті. Жиында жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы талқыланды. Облыста құқық бұзушылықтардың жалпы саны 18,5 пайызға, ауыр және аса ауыр қылмыстар 3,3 пайызға азайды. Полиция департаментінің бастығы Руслан Назаров әріптестерін бұл бағыттағы іске қарқын қосуға шақырды. Ал орынбасары Марат Жұмалиев өз баяндамасында профилактикалық есепте тұрған адамдармен жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
МАРАТ ЖҰМАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының орынбасары:
– “Рецидивтік қылмыс құрылымында нақты міндеттері мен шектеулері бар адамдар санатына ерекше назар аудару қажет. Профилактикалық есепте тұрған 1397 адамның 283-і осы топқа жатады. Оның ішіндегі 158 тұлға – шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, 125-сі – әкімшілік қадағалаудағы тұлғалар”.
Жыл басынан бері осы санаттағы адамдар 17 қылмыс жасаған. Нақтырақ тоқталсақ, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар 6 рет ала жіпті аттаса, әкімшілік қадағалаудағы тұлғалар 11 мәрте тәртіп бұзған. Көрсеткішті азайту тұрақты бақылауды, басқа мемлекеттік органдармен және қоғам өкілдерімен өзара іс-қимылды талап етеді. Кеңесте жол-көлік оқиғаларының алдын алуға да ерекше назар аударылды.
МАРАТ ЖҰМАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының орынбасары:
– “Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция департаменті ауқымды жұмыс жүргізді. Облыс жолдарында қосымша 50 аппараттық-бағдарламалық кешен, оның ішінде жасырын патрульдеу режимінде жұмыс істейтін 8 мобильді кешен іске қосылды. Атап кетерлік ауданның бірі – Тайынша. Аудан басшысы «Кордон» кешенін орнату туралы ұсыныс көтерді. Қызметтік автокөлік балансқа қабылданды. Соның нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны 2 жарым есеге азайды”.
Сондай-ақ, полиция полковнигі Руслан Назаров жеке құрамға ҚР ІІМ алқасында айтылған талаптарды жеткізіп, қызметкерлерді жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында жұмысты сапалы жүргізуге және профилактика туралы заң талаптарын қатаң сақтауға бағыттады.
Жаннур Бектурганова