Экология

Кәсіподақтар күніне орай ардагерлер аллеясында көшет егілді

ЖАНСАЯ ДЕРБІСОВА, тілші:
– “Қаламыздағы Тұңғыш Президент саябағында «Кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің аллеясы» бар. Бұл жерге жыл да көшет отырғызылып, жасыл желеқ қоры молаяды. Игі бастама 10 қазан – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне, Қазақстан кәсіподақтары күніне арналады”.

Өскелең ұрпаққа үлгі боларлық дәстүр ағымдағы жылы да жалғасын тапты. Алыстан көз тартатын Кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің аллеясына бүгін 10 шырша көшеті егілді. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысып, айналаны көгалдандыруға бағытталған шараны қолдады.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– “Қазақстан кәсіподақтары күні қарсаңында біз жыл сайын орталық саябақтағы осы аллеяға көшет отырғызамыз. Биыл да кәсіподақ қозғалысының ардагерлері және көшбасшыларымен жиналдық. Олардың әрқайсысы қоғамдық қатынастарды дамытуға, елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді. Бүгінгі шара арқылы қаламызды құлпыртуда. Жастар осындай адамдардан үлгі алуы керек. Игі дәстүрді жалғастырамыз”.

Кәсіподақ қозғалысы ардагерлеріне арналған аллея 2019 жылы құрылған. Содан бері жылда көшет егіледі. Бүгінгі таңда мұнда 170-ке жуық сібір шыршасы жайқалып тұр. Ал «Таза Қазақстан» бастамасы аясында биыл айналаны көгалдандыруға ерекше басымдық берілді.

МҰРАТ ҚАРАЖҰМАНОВ, ауыл шаруашылығы қызметкерлері жергілікті кәсіподағының мүшесі:
– “Ең алдымен, барша кәсіподақ мүшелерін кәсіби мерекемен құттықтаймын. Осындай игі бастамалар көбейіп, қаламыз көркейе берсін. Бұл бастаманың мәні зор деп ойлаймын. Өйткені, осы жерге ертең балаларымыз келіп, табиғатты тамашалап, демала алады. “Бұл аллеяға біздің аталарымыз да ағаш отырғызған екен” деп мақтанышпен айтатын болады”.

“Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, жоспарланған жұмыс аз уақытта аяқталды. Бұл жай ғана акция емес. Көшет егу – шаһарды құлпыртқан әрі жерлестеріміздің бірлігін де нығайтқан бастама.

Жансая Дербисова