Еңбек құқықтарын қорғау, дауларды шешу, әлеуметтік қолдау көрсету. Ағаш отырғызу рәсімінен кейін мереке иелері облыстық кітапханада бас қосты. Жиылған қауымды атаулы күнмен облыс әкімі атынан бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов құттықтады. Ол өз сөзінде ұйымдардың жұмысын жоғары бағалады, қоғамға сіңірген еңбегін атап өтті.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
– “Бүгінде кәсіподақ алдында маңызды міндеттер тұр. Әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сіздердің қосып жүрген үлестеріңіз орасан зор. Кәсіподақ қозғалысын құрған ардагерлерге де алғысым шексіз”.
Ерік Нұрақаев: “Биыл өңірде еңбек дауы тіркелген жоқ”
Бүгінде аймақтағы кәсіподақ ұйымының құрамына мыңнан астам мекеме кіреді. Онда 60 мыңнан астам жерлесіміз жұмыс істейді. Қоғамдық бірлестіктің басты жетістігі – биыл облыста еңбек дауларының тіркелмеуі.
ЕРІК НҰРАҚАЕВ, “СҚО кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:
– “Басты мақсатымыз – еңбеккерлердің құқықтарын қорғау. Бізде заң клиникасы жұмыс істейді. Келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін ұйымдарға барып, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз”.
Шарада барлығы 60-қа жуық маман құрметке бөленді. Олардың арасында Ақжар ауданы әкімі аппаратының басшысы Айгүл Мәдиева да бар. Бүгін оған “СҚО кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Құрмет грамотасы табысталды. Маман мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау, мәселелерін шешу бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Сонымен қатар, тұрғындардың да өтінішін жерде қалдырмайды.
АЙГҮЛ МӘДИЕВА, Ақжар аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы:
– “Көмекке мұқтаж тұрғындардан 23 өтініш келіп түсті. “Балаларын сабаққа киіндіре алмаймын деп көмек сұраған нәзікжандыға көмектестік. “Ардагерлерге барып, ауласын жинаймыз. Үйлерін ретке келтіреміз.
Кәсіподақтар ұйымы жұмысшылардың құқықтарын қорғаумен қатар, беделін арттыру бағытында да жүйелі жұмысты жалғастыра бермек.
Нурасыл Ахмет