Қоғам

Әйелдер арасындағы онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі обыры бірінші орында тұр

15 қазан – Дүниежүзілік сүт безі обырымен күрес күні. Әлемдік статистикаға сүйенсек, әйелдер арасындағы онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі обыры бірінші орында тұр. Бұл ауру ауыр дертке шалдыққан нәзікжандылардың 19 пайызында кездеседі екен. Өңірде де жағдай көңіл көншітпейді. Биыл 200-ге жуық қыз-келіншек осы кеселге душар болған. Кең таралып бара жатқан қауіпті дертпен күрестің бірі – оның алдын алу дейді онколог-маммолог Қазыбек Тохтанов.

ҚАЗЫБЕК ТОХТАНОВ, облыстық онкологиялық орталықтың онколог-маммологы:
– “Облыста сүт безінің обырымен 2 мың 470 адам ауырады. 2025 жылы 205 әйел алғаш рет есепке алынған. Биылғы 9 айда бұл көрсеткіш 191 адамды құрады. Аурудан қайтыс болғандар саны былтыр 41 болса, биыл 9 айда 28 адам тіркелген”.

Өзгеріс жоқ: биыл да 200-ге жуық қыз-келіншектен сүт безінің обыры анықталды

Бұл – жаға ұстатарлық статистика. Ендеше аты жаман ауруды қалай ерте анықтауға болады және ең бастысы одан қалай сақтану қажет? Онколог маманның сөзінше, аурудың даму қаупін азайту үшін дұрыс тамақтанып, белсенді өмір салтын ұстану маңызды.

ҚАЗЫБЕК ТОХТАНОВ, СҚО облыстық онкологиялық орталықтың онколог-маммологы:
– “Сүт безі обырының нақты алдын алу шарасы жоқ. Дегенмен аурудың даму қаупін төмендетуге болады. Ол үшін дұрыс тамақтану, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтыну, майлы тағамдарды азайту маңызды. Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдану қажет. Ал алкоголь мен темекі секілді зиянды әдеттерден бас тарту да аурудың алдын алуға ықпал етеді”.

Мамандар статистика келтіріп, мысалдар көрсетті. Ең басты мақсат – жастарды қорқыту емес, керісінше ауруды ерте анықтаудың жолдарын түсіндіру.

САГДИАНА БАЗАРОВА, студент:
– “Сүт безі обырының алдын алу бойынша пайдалы ақпарат алдым. Үй жағдайында өз-өзімізді қалай тексеруге болатынын және емханада қандай тексерістен өту керектігін ұқтым. 40 жастан кейін әйелдер екі жыл сайын скринингтен өте алады, ал 40 жасқа дейін сүт безін ультрадыбыстық зерттеуден өткізуге болады екен. Сонымен қатар, сүт безі обырының пайда болу себептерін білдім. Ауру тұқым қуалайды немесе өмір салтына байланысты пайда болуы мүмкін. Осы ретте денсаулыққа қазірден бастап көңіл бөлу маңызды”.

Жастармен кездесу “Әйелдер өмірі үшін” сүт безі обыры туралы ақпараттандыру жөніндегі республикалық айлық аясында өтті. Шараны “Әділет” партиясының облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты ұйымдастырды.

Улан Ыдырыс