Қоғам

Аққайың ауданында Шымкенттен келген көпбалалы ақхалатты еңбек етіп жатыр

Теріскейде жас мамандарды ауылды жерге тарту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Биылдың өзінде облысқа жүзден астам ақхалатты келді. Жаңа кадрға кенелген аймақтардың бірі – Аққайың ауданы. Мөлдір Көпесбаева – Шымкент қаласының тумасы. Аққайыңдар өлкесіне көші-қон бағдарламасымен қоныс аударыпты. Қазір аудандық ауруханада провизор болып еңбек етеді. Маман науқастарды дәрі-дәрмекпен қамту ісіне жауапты.

МӨЛДІР КӨПЕСБАЕВА, Аққайың аудандық ауруханасының провизор маманы:
– “Маған ұсыныс келді. Содан бөлім кадрларымен, сосын Ринат Маратұлымен сөйлестім. Директорымыз бізді жақсы қолдады. Осы жерге көшемін деп шешім қабылдадым. Қажетті құжаттарды дайындадым. Келген кезде жолақымызды берді, уәде еткендей үйді алдық. Төрт бала-шағам бар, бәрі осы жерде мектепте оқиды. Қазір жұмысым өзіме ұнайды, осы жерге үйреніп кеттік”.

Аққайың ауданына жас хирургтің келуімен бұл мамандыққа деген тапшылық жойылды

Ал Мерей Әбілмәжінова – тапшы мамандық иесі. Жас хирург – Астана медицина университетінің түлегі. Грантта оқығандықтан, ауылға еңбекпен өтеу жолдамасымен келіпті. Аққайың ауданы – өзінің таңдауы. Жұмыс істегеніне екі апта ғана өтсе де 6 операцияға қатысып, ассистент міндетін атқарған.

МЕРЕЙ ӘБІЛМӘЖІНОВА, Аққайың аудандық ауруханасының хирург-дәрігері:
– “Хирург болу – оңай жұмыс емес. Жүгі де ауыр, жауапкершілігі де зор міндет. Абыроймен атқаруға тырысамын. Екі апта уақыттың ішінде ұжымға сіңісіп кеттім. Әріптестерім де барынша қолдау көрсетіп жатыр. Ауылды жерді таңдағаныма еш өкінбеймін. Жұмысқа орналасқан кезде баспана беріледі деген болатын. Қазір тиісті құжаттарымды жинап жатырмын”.

Ауылға келген мамандарға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі?

Аудандық ауруханаға биыл барлығы – 4 кадр келген. “Әлі 3 маман қажет”,- дейді емдеу орнының директоры Ринат Улмесеков.
Айтуынша, ауылға кадр тарту мақсатында келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жастардың өзіне ауылдағы еңбектің берер игілігі туралы айтылады. Мәселен, 5 млн теңгеге дейін немесе одан жоғары көлемде көтерме беріледі, бизнес ашуға грант ұтып алу мүмкіндігі қарастырылған. Одан бөлек, аурухана тарапынан да әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

РИНАТ УЛМЕСЕКОВ, Аққайың аудандық ауруханасының директоры:
– “Қазіргі уақытта біздің ауданға невропатолог, стоматолог, жалпы тәжірибелік дәрігер жетіспейді. Ауылдық жерде еңбек ететін дәрігерлерге аурухана тарапынан 1 млн теңгеге дейінгі көлемде көтерме жәрдемақы береміз. Соның арқасында биыл бірнеше маман жұмысқа келіп орналасты”.

Қазіргі уақытта ауданда дәрігерлер және орта буын қызметкерлерін бірге алғанда 300-ге жуық маман еңбек етеді. Аудан бойынша 4 амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт және 12 медициналық пункт жұмыс істейді.

Жаннур Бектурганова