Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тәрбие мен білім ұштасқан білім ұясы

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ: тілші:
– “Мектеп – бала білім алатын ғана емес, тұлға болып қалыптасатын орта. Сондықтан облыстағы білім ұяларында тәрбие жұмысына ерекше мән берілген. Қазіргі таңда «Адал азамат» бағдарламасы аясында оқушыларға заң мен тәртіпті құрметтеу, ұлттық құндылықтар, жеке қауіпсіздікті білу және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау бағыттары бойынша сабақтар өткізіледі. Бүгін осы бастаманың №29 жалпы білім беретін мектепте жүзеге асу барысымен танысамыз”.

“Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы” деп әл-Фараби атамыз тегіннен-тегін айтпаған. Жауапкершілікті сезінбеген, адалдықты бойына сіңірмеген ұрпақ қанша ақылды болса да елдің дамуына ешқашан үлес қоса алмайды. №29 жалпы білім беретін мектепте өтетін әр сабақта “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы туралы өз қозғалады. Ұстаздар оқушыларға адамға қажет құндылықтар жайлы кеңінен түсіндіреді.

САЛТАНАТ ҚАЗИЕВА, №29 жалпы білім беретін мектептің тарих пәні мұғалімі:
– “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы бойынша түсіндірме жұмыстары тек тәрбие сағаттарында өткізілмейді. Бұл тақырып бойынша әр сабақтың басында сөз қозғаймыз. Әр айдың дәйексөзі болады. Қазанда айында Республика күніне арналған түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Балаларды отансүйгіштікке баулимыз.

Адалдық, әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық пен отансүйгіштік. Білім ұясының ұстаздары балалардың бойына осы қасиеттерді сіңіру үшін бар күштерін салуда. Ұлттық құндылықтарымыз да ұмыт қалмаған. Оқу орнында домбыраның құлағында ойнайтын, тоғызқұмалақтың айла-амалдарын жетік білетін, ұлттық киімдерді дәріптеуді жаны сүйетін оқушылар жетерлік.

РАХИЯ ҚОЖАНОВА, №29 жалпы білім беретін мектеп директорының орынбасары:
– “Мектепте “Музыкалық үзіліс” деген жоба бар. Білім ұясында музыкалық аспаптар қойылған арнайы орын. Оқушы сол жерге келіп өзін шыңдай алады. Кітаптарға толы арнайы аймағымыз бар”.

Білім ұясында ерекше әдет қалыптасқан. Мұндағы ұстаздар мен оқушылар бір-бірімен қолын жүрекке қойып, басын изеп амандасады. Ұл-қыздар үзіліс кезінде бос отырмайды. Бірі ой өрісін кеңейту үшін кітап оқыса, енді бірі логикалық ойлау қабілетін жақсарту үшін шахмат ойнайды. Оқу орнында тазалыққа ерекше көңіл бөлінген. Ұл-қыздар бос уақытта мектептегі өсімдіктерді суарады. Айналасын ретке келтіреді.

АШРАФ БАТЫРБАЙ, №29 жалпы білім беретін мектептің 5-сынып оқушысы:
– “Әр бейсенбі сайын “Таза Қазақстан” акциясына қатысамыз. Оның аясында сыныпты ретке келтіреміз. “Тазалық – әр адамның өзінен басталады”.

Қазіргі таңда мектепте мыңға тарта бала білім алады. Оларға 100-ге жуық ұстаз тәлім береді. Әр педагогтің басты мақсаты – елін сүйетін, дамуына үлес қосатын, жоғары білімді саналы ұрпақ тәрбиелеу.

Нурасыл Ахмет