Қоғам

СҚО-да интернет-алаяқтар келтірген шығын 1 млрд теңгеден асты

Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мұратбек Аяғанов алаяқтарға алданған әже жайлы айтып отыр. Пысықайлар алдап-сулап, зейнеткерге пәтерін 16 млн теңгеге сатқызыпты. Ал тағы бір жағдайда петропавлдық жас жігіт қуларға 17 млн теңге аударған. Ол ақшаның бір бөлігін және ломбардқа тапсыратын алтындарды арнайы ауылына барып, ата-анасынан әкелген екен.

МҰРАТБЕК АЯҒАНОВ, СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
– “Есепті кезеңде интернет-алаяқтық қылмыстарынан келтірілген жалпы материалдық залал 1 млрд 83 млн теңгеден асты. Оның ішінде 170 млн теңге көлеміндегі қаражат жәбірленушілерге қайтарылды”.

Иә, өңірде киберқылмыс азайды. Өткен жылдың 9 айында облыс аумағында 589 жайт тіркелсе, биыл 404 факті есепке алынған. Дегенмен, келтірілген шығын бас шайқатады. Брифинг барысында полицей танымал тәсілдерді жіпке тізді.

МҰРАТБЕК АЯҒАНОВ, СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
– “Қазіргі уақытта алаяқтар азаматтарды алдаудың түрлі тәсілдерін қолдануда. Олар өздерін байланыс операторларының, коммуналдық қызметтердің, «Қазақтелеком» АҚ-ның, медициналық мекемелердің немесе жеткізу қызметтерінің қызметкерлері ретінде таныстырып, электрондық цифрлық қолтаңбаның, eGov Mobile сервисінің немесе SIM-картаның қолданылу мерзімі аяқталғаны туралы жалған ақпарат береді”.

Бүгінгі қоғамда алаяқтарға банк шоттарын сататын жастар да бар. Сатылған шоттар арқылы қулар бөтеннің ақшасын қабылдайды және аударады. Яғни, үшінші тұлғаны пайдаланады. Мұндай жағдайда қыз-жігіттер айлакерлердің сыбайласы атанады және заң аясында қатаң жазаға тартылады.

Байболат Култанов