Қоғам

Пилоттық жоба: “Оңтүстік” бақылау бекетіндегі көлік қозғалысын дрон қадағалайды

ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
– “Елімізде жолдағы бұзушылықтарды анықтау жұмысы жаңа деңгейге жеткені мәлім. Қазір тәртіп сақшыларының қолданысында дрондар бар. Әуеге көтерілетін “темір құс” айналаны алақандағыдай көрсетеді, осы ерекшелігінің арқасында ереженің еленбеуін анықтауға мүмкіндік береді”.

Дрон әуеге көтерілді ме қылаң еткен құқықбұзушылықтың бәрі жазылады. Полиция қызметінің “көзі” болып саналатын құрылғы қырағы. 5 км радиусты шарлайды, жан-жағын 360 градуста барлайды, жолдағы кері әрекетті 30 метр қашықтықтан суретке түсіріп алады. Тіркелген факті ары қарай жол тартады: ортақ базаға жылжып, тәртіп сақшыларының алдына түседі.

АЛТЫНБЕК ЖАМАЛИЕВ, СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
– “Дрон 5 шақырым радиуста өздігінен ұша алады. Жол қозғалысы барысында қауіпсіздік талаптарын бұзған жүргізушілерді анықтайды. Атап айтқанда, қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік басқару кезінде телефон пайдалану, қарсы жолаққа шығу және басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар тіркеледі. Анықталған заң бұзушылық туралы ақпарат автоматты түрде полиция қызметкерлеріне жіберіледі. Патрульдік полиция көлікті тоқтатып, құқық бұзушылықты рәсімдейді. Егер жүргізуші өз кінәсін мойындаса немесе заң бұзушылық бейнежазбада анық көрінсе, оған әкімшілік хаттама толтырылады”.

Бұл жоба өңірімізде тұңғыш рет қолға алынып отыр. Дрон “Оңтүстік” бақылау бекеті аумағына таңылған. Неге бұл жер? Өйткені, көлік көп өтеді. Күндіз-түні үзілмейтін темір тұлпар санында есеп жоқ. Кім түзу жүріп бара жатыр? Қозғалысы секем тудыра ма? Бәрі енді адамның ғана емес, бағанға тағылған камерадан бөлек, қалықтаған “темір құстың” назарында болады, ал жолдағы қауіпсіздіктің сақталуы – ең алдымен, жолаушы амандығының кепілі.

Тұңғыш жоба – пилоттық жоба. Полицейлер бастама өз тиімділігін дәлелдейтініне нық сенімді. Жоспар ойдағыдай жүзеге асса, дронды пайдалану жалғаса бермек.

Улан Ыдырыс