Мәдениет

Көркемөнерпаздар ұжымдарының байқауы

Петропавлда облыстың көркемөнерпаздар ұжымдарына “Халықтық” немесе “Үлгілі” атағын беру бойынша байқау ұйымдастырылды. Мәдени іс-шара талай талантты түлеткен аққайыңдар өлкесінде жылда ұйымдастырылады. Биыл Есіл, Мамлют, Шал ақын және Айыртау сынды аудандардың әнші-бишілері қатысуға өтінім берген.

САНДУҒАШ ЖОЛАМАНОВА, СҚО халық шығармашылығы және мәдени бос уақыт қызметі орталығы директорының орынбасары:
– “Биыл 4 ауданнан және Петропавлдан 7 ұжым өтінім білдірді. Арнайы қазылар алқасы құрылды”.

Бағалау мұнымен аяқталмайды. Әр ұжымның сахнадағы өнері арнайы камераға түсірілуде. Алдағы уақытта видео Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданады. Ведомстводағы мамандар тобы әр жазбаны қарап, “Халықтық” немесе “Үлгілі” атағын тағайындайды.

Бұл ұжымды еске алу емес, естен шығару мүмкін емес. Мамлют ауданындағы Бостандық ауылынан келген “Толқын” вокалдық тобы тыңдарман қауымды туындыларымен тәнті етті. Халыққа жақын әндерді құлақтың құрышын қандыра шырқады. Белсенді әже-әпкелеріміз – өнер жолын жалғаушылар. Қазаны қайнаған елдімекендегі үлкендер бұрын осы топқа мүшелік етіпті. Енді белгілі бір атаққа қол жеткізсек дейді.

ГҮЛЖАН МӘНТАЕВА, “Толқын” вокалдық тобының мүшесі, Мамлют ауданы:
– “Тобымыз 9 адамнан тұрады. Ішінде 3 зейнеткер бар. 15 жыл сахнада жүргендіктен бір жетістікке жетеміз деп ойлаймын”.

“Халықтық” немесе “Үлгілі” атағы көркемөнерпаздар ұжымдарының барлығына бірдей берілмейді. Үздіктердің тізіміне қосылу үшін топтар өтініш беріп, бүгінгідей өнер көрсету керек.

САНДУҒАШ ЖОЛАМАНОВА, СҚО халық шығармашылығы және мәдени бос уақыт қызметі орталығы директорының орынбасары:
– “Облыста 2 мыңнан астам көркемөнерпаздар ұжымы бар. Солардың 105-і “Халықтық” немесе “Үлгілі” атағын алған”.

Қоса кетейік, былтыр аққайыңдар өлкесінде 9 ұжымға “Халықтық” немесе “Үлгілі” атағы берілген екен.

Байболат Култанов