Білім мен тәрбие қатар жүруі тиіс. Бойынан осы қасиет табылған жан әлбетте тәртіпті болады. Қазақстанның қазіргі ұстанымдарының бірі – қоғамды дамыту, құқықтық сананы ояту. Өркениетке ұмтылған елімізде “Адал азамат” және “Заң мен тәртіп” қағидаттары негізге алынған. Адамның қоғам алдындағы жауапкершілігін ояту, заңды құрметтеу, еліне адал болу туралы жаңа Конституцияның 34-ші бабында жазылған.
ҚР Конституциясы, 34-бап:
– “Әрбір адам Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті”.
Бұл түсінік өскелең ұрпақтың санасына мектеп қабырғасынан бастап сіңірілуі тиіс. Осы орайда №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры Ләззат Жалмұқанова өз ойымен бөлісті. Білікті педагог балалардың бойына туған жерге деген сүйіспеншілік пен парыз ұғымын қатар сіңірудің маңыздылығына тоқталды.
ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:
– “Білімнен бөлек, тәрбиелі, жауапты, елге сүйіспеншілікпен қарайтын ұрпақ тәрбиелеу маңызды. Өйткені, бүгінгі оқушы – ертеңгі ел азаматы. Мен ұстаз ретінде жаңа Конституцияда жазылған білім мәселесіне ерекше мән беремін. “Білім – елдің болашағы”, – дейді біздің Президентіміз. Мектептің міндеті балаларды жақсы адам болуға, заңды сыйлауға, өз құқығын және міндетін білуге, жауапкершілікке және отанды құрметтеуге тәрбиелеу де жатады. Сондықтан мектеп қабырғасында Конституцияны, заңды және тәртіпті үйретуге көңіл бөлу өте маңызды. Балалар өз құқығын білсе, өз міндетін де түсінеді”.
Жаннур Бектурганова