Әй дейтін әже жоқ па әлде өскелең ұрпақ тәртіпке бағынбай ма? Жыл артқан сайын заңның ала жібін аттайтын ұл-қыздар көбейіп барады. Мысалы, қазіргі уақытта қалада 80-ге жуық жасөспірім есепте тұр. Биыл кәмелетке толмағандармен 24 қылмыс жасалған. Бұның алдын алу үшін облыс орталығындағы ерекше бастама қолға алынды.
СЕРІК ӘЛЖАНОВ, Петропавл қалалық ПБ бастығы:
– “Жүргізілген талдау көрсеткендей, бұл қылмыстарға негізінен бос уақыты көп, еш нәрсемен айналыспайтын балалар барады. Егер бала нақты бір іспен айналысып, уақытын тиімді ұйымдастырса, бойында тәртіп қалыптасады. Сол себепті де бүгін осындай шағын жобаны бастап отырмыз. Сабақтан кейін ешқандай үйірмеге қатыспайтын жастарды таңдап алдық. Олар үшін Петропавлда барлық үйірмелердің жәрмеңкесін ұсындық. Ішінде тек спорттық емес, сонымен қатар зияткерлік бағыттар да бар”.
Бос уақытты тиімді ұйымдастыру бала тәрбиесінде маңызды рөл атқарады
Қазір ұстаздар да мектептерде қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Мысал ретінде қаламыздағы №4 орта мектепті алайық. Мұнда тәрбие ісі мен қосымша білім беру сапасын арттыру нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық едәуір азайды. Бұған дейін полиция есебінде 21 оқушы тұрса, қазір бұл көрсеткіш 0-ді құрайды.
ДИНАРА МҰРТАЕВА, №4 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– “Биылғы наурыз айында полициямен бірлесе “Құқық бұзушылыққа жол жоқ” жобасы қолға алынды. Нәтижесінде мектепте оқитын мыңға жуық оқушының 30 пайызы түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға тартылды. Осының арқасында “тәуекел тобында” болған оқушыларымыз аудандық, қалалық турнирлерде оң нәтиже көрсетіп, алғашқы марапаттарына қол жеткізді”.
Өңірімізде 28 спорт мектебі бар. Әрқайсысында шынығып, елдің намысын қорғайтын спортшыға айналуға болады. Ниетті жастардан ақша талап етілмейді, жаттығу тегін жүргізіледі.
АНДРЕЙ ШИРКАЛОВ, велосипед спорты бойынша облыстық ОРМБЖ спорт мектебінің жаттықтырушы-оқытушысы:
– “Қазіргі таңда бізде 250-ге жуық адам жаттығады. 10 жастан бастап велосипед спортымен айналысуға болады. Балалар облыстық, республикалық жарыстарда өнер көрсете алады. Белгілі бір деңгейге жеткенде Азия ойындарына да қатысады”.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы мұндай шаралар әрі қарай да жалғасын табады. Басты мақсат – әр баланың бос уақытын тиімді өткізіп, олардың қауіпсіз әрі пайдалы іспен айналысуына жағдай жасау.
Аружан Султанова