Қоғам

Уәлиханов ауданында 28 қорған табылды

Теріскейде 28 қорған табылды. Археологиялық нысанды облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының мамандары Уәлиханов ауданына жасаған сапары барысында анықтады. Бес күнге созылған экспедиция барысында мамандар фото және бейнефиксация жасап, дрон арқылы түсірілім жүргізген. Сонымен қатар, қорғанның диаметрі мен биіктігін өлшеген.

ӘЛИ ТҰРЫСОВ, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:
– “Қорғанның диаметрі 100 метрден асады, ал биіктігі шамамен 3 жарым метр. Жалпы, мұндай қорғандар Ұлы дала аумағында өте көп кездеседі. Олар негізінен ерте темір дәуірінен бастап кейінгі кезеңдерге дейінгі уақытты қамтиды”.

Әли Тұрысовтың сөзінше, тарихи нысан Жамбыл елді мекенінің маңынан табылды. Кезінде ол төңіректе ауыл тұрғындары қазба жұмыстарын жүргізген. Бірақ ол жерден адамның сүйек қалдықтары шыққаннан кейін жергілікті халық аумақты өздері қорғауға алған екен.

ӘЛИ ТҰРЫСОВ, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:
– “Қазіргі таңда бұл қорған жергілікті тұрғындардың бақылауында. Мұндай жағдайды алғаш рет кездестіруім. Зерттеу қорытындысы бойынша есеп дайындап, оны Алматыдағы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтындағы әріптестерімізге жібереміз. Егер ол мамандардың қызығушылығын тудырса, олар арнайы зерттеу жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтардың көмегімен нысанның қай кезеңге жататынын анықтай алады. Солтүстік Қазақстанның шығыс бөлігін әр кезеңде түрлі тайпалар мекендеген. Аталмыш төңіректе жоңғарлармен қақтығыстар жиі болған. Сондықтан мұндай нысандарды анықтап, оларды сақтау қажет”.

Айта кетейік, жалпы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы Уәлиханов ауданында 45 тарихи нысанды қорғауға алған. Оның 1-еуі республикалық, ал қалған 44-і – жергілікті маңызға ие ескерткіш.

 

 

Улан Ыдырыс