Ауыл шаруашылығы

“СК-Агро 2050” серіктестігіне 165 бас асыл тұқымды ірі қара әкелінді

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– «Сүт өндірісін арттыру үшін мал басын көбейту ғана емес, оның тұқымдық сапасын жақсарту қажет. Осы мақсатта Мағжан Жұмабаев ауданындағы “СК-Агро 2050” серіктестігіне кезекті рет Германиядан асыл тұқымды голштин-фриз сиырлары жеткізілді. Ірі қараның бұл түрі күніне 40 литр ақ береді. Алдағы уақытта кәсіпорын жылына 39 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр».

Серіктестіктің тауарлы-сүт фермасына бұл жолы да 165 бас асыл тұқымды ірі қара әкелінді. Сиырлар Германиядан тікелей жеткізілген. Енді құнажындар бір ай санитарлық аймақта болады. Ол жерде мамандар малды тексереді, жай-күйін бағалайды, сосын фермаға жібереді.

ВЛАДИМИР СЕРГЕЕВ, “СК Агро 2050” ЖШС тауарлы-сүт фермасының басқарушысы, М.Жұмабаев ауданы:
– “Фермадағы сауын сиырлардың саны 1400-ге жуықтайды. 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 4200-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұған дейін біз Украинадан 256 бас, Германиядан 330 бас ірі қара әкелдік. Мал аман-есен қыстан шығып, төлдеді. Қазір тәулігіне 15 тонна сүт өндіреміз”.

Кәсіпкер әр сиырға мемлекеттен қосымша 700 мың теңге субсидия алады. Жоба құны – 8 млрд теңге. Қаржы “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,5 пайызбен берілді. Серіктестік мамандары Германияға арнайы барып, құнажындарды өздері таңдап алған.

ВЛАДИМИР СЕРГЕЕВ, “СК Агро 2050” ЖШС тауарлы-сүт фермасының басқарушысы, М.Жұмабаев ауданы:
– “Сиырларды таңдаған кезде оның арқасының түзу және аяқтарының ұзын болғанына ерекше мән бердім. Бұл дендерінің саулығын білдіреді. Логистика тұрғысынан ешқандай мәселе болмады. Германиядан Астанаға тікелей рейспен жеткіздік. Жақын арада тағы 165 бас әкелуді жоспарлап отырмыз”.

Серіктестік асыл тұқымды сиырларды Германиядағы «MASTERRIND» асыл тұқымды мал шаруашылығы қауымдастығы арқылы алған. Жыл басынан облысқа Орталық Еуропа елінен 2 мың бас ірі қара жеткізіліпті.

ДМИТРИЙ ПОТАШКИН, «MASTERRIND» асыл тұқымды мал шаруашылығы қауымдастығының Қазақстандағы ресми өкілі:
– Биыл СҚО-дағы Есіл, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев және Қызылжар аудандарына асыл тұқымды сиырлар жеткіздік. Біз ұсынған талаптар фермер үшін өте тиімді. Кәсіпкер ірі қараны сатып алғаннан бастап кәсіпорынға жеткізгенге дейін барлық процесс біздің бақылауымызда. Жыл соңына дейін өңірге тағы құнажындар әкелуді жоспарлап отырмыз. Бірнеше серіктестікпен келісімшарт жасастық.

Қазіргі таңда Мағжан Жұмабаев ауданында 7 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. 9 айдың ішінде 15 мың тонна ақ өндірілген. Биыл кәсіпорындар 1100 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алған.

Нурасыл Ахмет