Оқушы теңіздегі қайық болса, оның желкені мен ескегі – мұғалім. Кешегі Ыбырай мен Ахметтердің ұлы жолын жалғаған жандар – қоғамға сәуле шашушылар. Қалалық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында осы сынды жүрекжарды сөздер, жылы пікірлер жиі айтылды. Мұнда петропавлдық педагогтерді Ұстаздар күнімен шаһар басшысы Серік Мұхамедиев құттықтады.
“Марапат кімге табысталады?” деген сауал туындаса, ойланбастан “ұстазға” деп жауап беруге болады. Педагогтің әр сабағы, әр ақылы – ат басындай алтыннан қымбат еңбек. Сондықтан кәсібі мерекеде бірнеше маманның мерейі істем болды.
Өз ісіне адал, көп жылдық еңбегімен танылған сала ардагерлері және тәжірибелі ұстаздар марапаттарға ие болды. Солардың бірі – С.Мұқанов атындағы №32 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Күнсұлу Мұстафина. Ол педагогикалық салаға 30 жыл ғұмырын арнады. Артынан екі ұлы да ұстаздық саланы таңдаған. Маман қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
КҮНСҰЛУ МҰСТАФИНА, С.Мұқанов атындағы №32 орта мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі:
– “Шын мәнінде, есімімді естіген кезде кішкене толқып қалдым. Көп жылғы еңбегім бағаланып, бүгінгі құрметті марапатты алғаныма өте қуаныштымын”.
Қала бойынша жалпы білім беретін мектептерде 3 мыңнан астам ұстаз еңбек етеді. Осындай білікті де білімді мамандар жастардың жарқын болашақтарына жол салуда. Кеш барысындағы әсем ән мен би мұғалімдерге арналды.
Жаннур Бектурганова