“Ана баланың тәнін шынықтырса, ұстаз баланың жанын шынықтырады”. Қоғамның жүрегі, болашақтың тірегі болған ұстаздардың еңбегі әрқашан ерекше бағаланады. Осы орайда Қызылжар ауданында Халықаралық ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті.
Ұстаздық жол – тыңғылықты еңбек пен табандылықты талап ететін қасиетті мамандық. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, саналы білім беруде ұстаздардың атқаратын рөлі зор дейді Бескөл №2 орта мектебінің директоры Ботагөз Батанова.
БОТАГӨЗ БАТАНОВА, Бескөл №2 орта мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:
– “Бұл мереке әр педагог үшін өте қымбат. Ұстаз болу – бүгінгі күні үлкен жауапкершілікті талап ететін мәртебе. Барлық педагогтер қауымына зор абырой, денсаулық тілеймін. Ата-аналар мен оқушылардың алғысына бөленіп, заман талабына сай әрқашан алдағы шепте жүріңіздер!”.
Мерекелік шарада ұстаздар қауымын Қызылжар ауданының әкімі Бейбіт Исманов құттықтады. Жиында білім саласының дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар маман ауданы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен марапатталды. Красноярка негізгі мектебінің директоры Ольга Михайлова саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған. Анасы – өлкетанушы Вера Яворскаяның ізін жалғап, география бағытын таңдаған. Салада белсенділігімен танылған педагог туған өлке табиғатын зерттеуге бет бұрып жүр. Бүгінде “Красноярдың жеті кереметі”, “Ауылдың Қызыл кітабы” секілді жобалары бар.
ОЛЬГА МИХАЙЛОВА, Красноярка негізгі мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:
– “Мен педагогикалық әулеттің өкілімін. Мектепке, балаларға деген махаббат қанымда бар. Әсіресе өлкетану, экология, география бағыттарын жаным сүйеді. Еңбегімнің жоғары бағаланғанына өте қуаныштымын. Барлық әріптестеріме мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін!”
Атап өту керек, бүгінде Қызылжар ауданында 40-қа жуық мектепте 7 мыңнан аса оқушы білім алады. Оларға 2 мыңнан аса мұғалім тәлім береді.
Жаннур Бектурганова