Қоғам

Ел мақтанышы Наталья Богданова Азия ойындарынан оралды

Жақында Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында ХХ жазғы Азия ойындары өтті. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы сапында боксшымыз Наталья Богданова да өнер көрсеткені мәлім. 75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен спортшы қызымыз жартылай финалға дейін жетіп, жарысты қола медальмен аяқтады.

Дүйсенбінің кешінде жазғы Азия ойындарының жүлдегерін жақындары, спорт саласы өкілдері мен болашақ чемпиондар салтанатты түрде қарсы алды. Кездесу Петропавлдағы “Береке” шағын ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтті.

ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– “Наталья, саған алда үлкен жеңістер мен денсаулық тілейміз. Сенің отбасыңда бәрі жақсы болсын дейміз”.

Наталья үшін жазғы Азия ойындары оңайға соққан жоқ. Былғары қолғап шебері байрақты бәсекеге 1 жыл дайындалды, салмақ дәрежесін ауыстырды. Жаңа қарсыластар. Олардың барлығын зерттеу, әрбіріне жеке-жеке әзірлену керек болды.

НАТАЛЬЯ БОГДАНОВА, ХХ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері:
– “Мен осы жазғы Азия ойындары үшін салмақ дәрежемді ауыстырдым. Бокста әр келі үлкен рөл атқарады. Қарсыластарымды да жөнді танымадым. Бірақ соған қарамастан барымды салдым. Бірінші кездесуде өзбек қызын 4 те 1 есебімен ұттым. Ал жартылай финалда үндістандық боксшымен қолғап түйістірдім. Жан алысып, жан берістік. Жеңгендей едім. Бірақ төрешілердің шешімі бойынша жеңілдім. Өкініш өзекті өрттеді”.

Натальяның жеке бапкері Дастан Қабденов шәкірті алтынға лайық болды деп есептейді. Оның пайымдауынша, Богдановаға тек сәттілік жетіспеді.

ДАСТАН ҚАБДЕНОВ, Наталья Богданованың жеке бапкері:
– “Азия ойындарына дайындық ретінде бірнеше кезеңнен тұратын оқу-жаттығу жиынын өткіздік. 1 ай бойы АҚШ-та дайындалдық. Ол жерде денені қалыпқа келтірдік. Содан кейін спарринг өтті”.

Алдағы уақытта Наталья Богданова 2027 жылы Астанада өтетін Әлем чемпионатына дайындалады. Бұл додада Лос-Анджелесте жалауын желбірететін Олимпиада ойындарына жолдамалар сарапқа салынады.

Улан Ыдырыс