ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– “”Жас маман, ауылға қарай бас қадам”. Бұл ұранның пайда болғанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Бұрынғысынша Солтүстік Қазақстан облысына білім нәрімен сусындаған, тәжірибе жинаған мамандық иелерін тарту жұмысы жалғасып жатыр. Біз Аққайың ауданындағы Ленинское елді мекеніндеміз. Мұнда биыл ғана жоғары оқу орнын аяқтаған дәрігер еңбек етіп жүр”.
Алмагүл Қалиева – Қарағанды медицина университетінің түлегі, осы ауылдың тумасы. Меңгерген мамандығы – жалпы тәжірибелік дәрігер. 5 жыл қалада оқып, ауылға оралуының себебі – кіндік қан тамған жерге деген адалдық, ауылға деген сағыныш, жерлестерге деген жақындық. Ауыл тұрғындарының денсаулығы – шілдеден бері ақхалатты Алмагүлдің бақылауында.
АЛМАГҮЛ ҚАЛИЕВА, Ленинское ауылы дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері, Аққайың ауданы:
– “Менің адамдық парызым – адамдарға көмектесу. Медицина саласын таңдаған себебім де осы. Алғашқы жұмыс күндерім толқумен өтті, бірақ амбулатория ұжымы маған зор қолдау көрсетті. Көбі мені бала кезімнен біледі. Бұрын өзім де осы емдеу орнына пациент болып келетінмін. Әріптестеріммен бірден тіл табысып кеттім. Олар – тәжірибесі зор мамандар”.
Ауылдық дәрігерлік амбулаторияға 2 мыңға жуық адам қарайды. Мұнда 7 маман жұмыс істейді, екеуінің білімі жоғары. Алмагүл Қалиеваның айтуынша, кадр саны әлі де жетіспейді. Маман саны аздық етсе де амбулаторияда жасалған жағдай көңіл көншітеді. Жөндеу жүргізілген, қажет құрал-жабдық қоры бар.
АЛМАГҮЛ ҚАЛИЕВА, Ленинское ауылы дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері, Аққайың ауданы:
– “Мұнда жұмыс істеуге қолайлы. Бізге аудандық аурухана тарапынан қолдау көрсетіліп тұрады. Келетін адам көп. Күніне 30-ға жуық адам қабылдаймыз. Науқастар Ленинскоедан бөлек, Рублёвка, Аралағаш және Дайындықтан келеді. Бос уақытымыз жоқ. Есепте тұрғандардың ішінде эпилепсиға шалдыққан, қан қысымы жоғары және фтизиатрға жиі жүгінетін жандар көп. Бұндай науқастардың үйлеріне де барып көмек көрсетеміз”.
Үш айдың ішінде талай адам қабылдаған ақхалаттының жұмысына оң баға беруге болады дейді ауыл тұрғыны Любовь Кравченко. Айтуынша, жасына байланысты өзін кейде жайсыз сезініп қалады. Жүрек соғысы, тыныс алысы секем туғызған жағдайда Алмагүл Қабыкенқызына барып қаралады.
ЛЮБОВЬ КРАВЧЕНКО, Ленинское ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
– “Біздің ауруханадағы дәрігерлердің бәрі – өз ісінің кәсіби мамандары. Қазір қабылдап жатқан жас дәрігер жұмысты жақында ғана бастаса да өте мұқият әрі тиянақты. Оның анасы мен менің қызым бір сыныпта оқыған. Алмагүл өте тәрбиелі, еңбекқор, біз оған өте ризамыз. Ұжым да ұйымшыл, кез келген уақытта хабарласып, көмек сұрауға болады”.
Жыл басынан бері облысқа Алмагүл Қалиевадан бөлек, жоғары медициналық оқу орнының 117 түлегі келіп, жұмысқа орналасты. Оның жартысынан астамы – оқуын биыл бітіргендер.
Жаннур Бектурганова