Қоғам

СҚО-да ерлі-зайыпты 10 млн теңгеден айырылды

Облыс аудандарының бірінде тұратын ерлі-зайыпты интернет-алаяқтарға алданып, бақандай 10 миллион теңгеден айырылды. Барлығы 60 жастағы солтүстікқазақстандықтың Instagram желісіндегі жалған жарнаманы көруден басталған. Онда 1991 жылға дейін туған азаматтардың барлығына белгілі бір банк төлем жасайтыны жазылыпты. Әйел өтінім беріп, аты-жөні мен телефон нөмірін көрсеткен. Көп ұзамай оған өзін «Goldmans Group» брокерлік компаниясының маманы ретінде таныстырған адам қоңырау шалады. Инвестиция арқылы табыс табуды ұсынады, шот ашқызып, 100 доллар аудартады. Кейін шамамен бір ай бойы асты-үстіне түседі. Ауыл тұрғыны бұл схемаға күйеуін де қатысуға көндіреді. Нәтижесінде олар барлық жинаған қаражатын жұмсаған, әртүрлі банктерден несие алған. Осы дерек бойынша полицейлер дроппер ретінде қатысқан бірқатар адамды анықтады. Тәртіп сақшылары түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін жәбірленушілер дропперлерден келтірілген шығынды өндіру туралы азаматтық сотқа талап арыз берді.

– «Инвестиция» арқылы алдау схемасы ең көп таралған тәсілдердің бірі емес. Жыл басынан бері СҚО-да мұндай алаяқтықтың 16 дерегі тіркелген. Алайда, мұндай қылмыстар көп жағдайда аса ірі мөлшердегі шығынға әкеледі. Интернет арқылы табыс табуды жоспарламас бұрын бұл мәселені мұқият зерттеген жөн. Тым тартымды ұсыныстарға сенбеңіздер. Бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша банк операцияларын жасамаңыздар! СҚО ПД

Байболат Култанов