Қоғам

Петропавлда студенттер арасында жүгіруден жарыс өтті

Петропавлдағы “Динамо” стадионында колледж студенттері арасында “Салауатты ұрпақ – жарқын болашақ” атты жүгіруден жарыс өтті. Жүйріктер сайысы есірткі заттарын қолданудың алдын алуға және спортты насихаттауға негізделген.

АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
–  “Жарысқа қатысушыларды ортақ мақсат біріктіреді. Ол – белсенді өмір салты, спорт және оң бастамаларды жастарға ұғындыру. Бұлардың өскелең ұрпаққа берері мол. Егер адам салауатты өмір салтын ұстанса, түзу жолмен жүрсе, өзін сергек сезінеді, сана таза болады, басы дауға қалмайды. Шараға барлық қалалық колледждердің 100-ге жуық студенті қатысып отыр”.

Сайыста қыз-жігіттер 400 м қашықтыққа жүгірді. Жеңімпаз – Владислав Станьков. Ол – Бәйкен Әшімов атындағы машина жасау және көлік колледжінің студенті. 17 жастағы бозбала жеңіл атлетикамен 4 жыл айналысады.

ВЛАДИСЛАВ СТАНЬКОВ, Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің студенті:
– “Жарыс туралы сабақ үстінде білдім. Қатысуға қуана-қуана келістім. Өз басым салауатты өмір салтын насихаттағанды қолдаймын. Есірткі – өте зиянды зат, өскелең ұрпақты жаман нәрседен қорғау керек”.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз бен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұндай іс-шаралар алдағы уақытта жалғасын табады.

Аружан Султанова