Сахна шымылдығы қайта түрілді. Ақан сері атындағы облыстық филармония ұжымы 62-концерттік маусымын бастады. Кештің алғашқы сәтінен-ақ классикалық шығармалар мен түрлі жанрдағы туындылар орындалып, кәсіби орындаушылардың шеберлігі паш етілді. Бұл концерт – жаңа маусымның бастауы ғана. Алда өнерпаздар тың жобалар мен ауқымды шығармашылық бастамаларды қолға алмақшы.
БІРЖАН ЕСЖАНОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі:
– “Бұл концерттік маусымда көптеген жаңалықтар болады, жаңа жобалар болады. Өткен маусымда «Қыз Жібек» операсының бірінші актісін қойған болатынбыз. Одан бөлек, осы маусымда бастау алған “Менің филармониям” деген үлкен жоба бар. Бұл жоба аясында қаламыздағы әр мектепке барып, оқушылардың алдына шығып, музыканың сан алуан түрімен таныстырамыз. Музыка арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында үлкен істер атқарылып жатыр. Басты ерекшелігі – бұл жоба мектеп оқушылары үшін тегін түрде жүріп жатыр”.
Мерекелік кеште ұлттық аспаптардың үні естілді. Заманауи би қойылымдары мен түрлі музыкалық шығармалар орындалып, өнерпаздар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Жансая Дербисова