Петропавлда арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері кезекті интернет-алаяқтықтың алдын алды. Бұл жолы олар 57 жастағы тұрғынның 1 млн теңгеден астам ақшасын сақтап қалды. Қарасай Ботпаев пен Бауржан Ахмет «Рахмет» сауда үйінде кезекшілік атқарған. Мамандардың көзіне бір бума ақша ұстап, телефонмен сөйлесіп тұрған егде жастағы ер адам түскен.
ҚАРАСАЙ БОТПАЕВ, СҚО ПД арнайы жедел әрекет ету жасағының инспекторы:
– “Сауда үйіне қатты абдырап тұрған азаматтың келгенін байқадым. Телефонмен де біртүрлі сөйлесіп тұрды. Қолында ірі көлемдегі ақша болды. Ол маған Binance платформасында саудамен айналысатынын түсіндірді. «Binance деген не?» деп сұрағанымда бұл сұраққа жауап бере алмады”.
Кейін анықталғандай, ол жақында интернеттен ақша табу туралы хабарландыруға тап болған, Telegram мессенджерінде көрсетілген нөмірге хабарласқан. Алаяқтар құрыққа түсіре жаздады, дегенмен ойлағандары жүзеге аспады.
Бейтаныс адамдардың нұсқауына сүйеніп, қаржы операцияларын жасауға болмайды. Қаржыңызға қатысты кез келген ақпаратты тек ресми арналар арқылы тексеріңіз. Бұл – тәртіп сақшыларының ескертуі.
Байболат Култанов