Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының 1-курс курсанты Мақсұтәли Оспанов кітапханаға күнде келеді. Ол бала күннен тіл үйренуге құмар. Қазір ананың ақ сүтімен дарыған қазақ тілінен бөлек, орыс, ағылшын, неміс және француз тілдерін біледі. Бүгін қолына алғаны Шекспир тілінде жарық көрген еңбек. Туындыда мақала, ғылыми жұмыс жазуға арналған әскери саладаға кәсіби терминдер бар.
Тіл үйрену бір күндік немесе бір жылдық жұмыс емес. Курсантқа бесіктен белі шыққан кезде ата-анасы жол сілтепті. Ынталы бала жаңа бағытты оңай алып кеткен.
Білімге құмар, талапты жасқа қарасаң, көз тояды. Ол өзінің ерекше қабілетінің арқасында қатарының алды болып жүр.
МАҚСҰТӘЛИ ОСПАНОВ, ҚР Ұлттық ұланы академиясының курсанты:
– “Ата-анам 6-7 жасымда ағылшын тілі курсына жазды. Курсты 10 жыл оқыдым. Осылай үйрендім. Ал француз бен неміс тілін бертін келе үйрендім. YouTube желісінде ведео көрдім, грамматика оқыдым”.
Мақсұтәли Оспанов – Жезқазған қаласының тумасы. Қарағанды қаласында мектеп тәмамдап, Петропавлға келді. Ол жастардың тіл білгенін қалайды.
МАҚСҰТӘЛИ ОСПАНОВ, ҚР Ұлттық ұланы академиясының курсанты:
– “Жастарға, азаматтарға айтарым, кітап оқу қиын болса, YouTube арқылы үйренуге болады. Біртіндеп меңгеру керек”.
Мақсұтәли Оспановтың арманы асқақ. Ол Ұлттық ұлан академиясы қабырғасында сапалы білім алып, әскери өмірге нық қадам басқанды қалайды. Болашақта мемлекетаралық байланыс бағытында еңбек еткісі келеді. Мақсаты – елдің абыройын асқақтатар білікті офицер болу.
Байболат Култанов