Теріскейлік кикбоксшы Жеңіс Құғабаев Италияның Лидо-ди-Езоло қаласында өткен жастар мен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында жүлдегер атанды. Жерлесіміз аса ауыр салмақта өнер көрсетті. Дүбірлі бәсекеде солтүстікқазақстандық спортшы 3 кездесу өткізді.
ЖЕҢІС ҚҰҒАБАЕВ, кикбоксшы:
– “Бірінші жекпе-жекте Сербия елінің өкілімен сынға түстім. Оны жеңдім. Екінші кездесуде түркиялық спортшымен шаршы алаңға шықтық. Оны мерзімінен бұрын айқын басымдықпен ұттым. Ақтық сында Украинадан келген кикбоксшымен күш сынастық. Қарсыластың мерейі үстем болды. Ол физикалық тұрғыдан мықты дайындалып келген екен. Чемпион болуға сынық сүйем ғана жетпеді”.
Жеңіс Құғабаев әлем чемпионатына ұзақ дайындалған екен. Дүбірлі дода алдында жерлесіміз Алматы қаласында оқу-жаттығу жиындарына қатысқан. Айтуынша, ол бокс және кикбокспен 3 жылдан бері айналысады. Бұған дейін каратемен де шұғылданған екен.
ЖЕҢІС ҚҰҒАБАЕВ, кикбоксшы:
– “Менің бокстан да, каратеден де әжептәуір машығым бар. Екеуінің қосындысы қазір кикбокста өзімді еркін ұстауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта ел біріншілігіне дайындаламын. Жеңіске жетсем, Азия чемпионатына жолдама алуға болады. Сары құрлық бәсекесінде топ жарғым келеді. Ең бастысы, тер төгіп, еңбектену қажет”.
Әлем чемпионатына 79 мемлекеттен келген 1900-ге тарта спортшы қатысқан екен. Бас бапкердің сөзінше, сайыс жоғары деңгейде өтті. Дүбірлі додада қазақстандық спортшылар лайықты өнер көрсетіп, ел қоржынына мол олжа салды.
ӘДІЛ НҰРЖАУЫПОВ, кикбоксинг бойынша СҚО бас жаттықтырушысы:
– “Чемпионат жақсы деңгейде өтті. Ұлттық құрама жақсы нәтиже көрсетті. Қазақстандық спортшылар түрлі деңгейдегі 66 медаль еншіледі. Жалпы, сайыста шәкіртім барын салды, бірақ күміс бұйырды. Енді қателіктермен жұмыс істейміз. Физикалық дайындықты күшейтеміз. Алдағы уақытта байрақты бәсекелерге дайындаламыз, тоқмейілсуге болмайды”.
Айта кетейік, кадеттер мен жастар арасындағы кикбоксингтен әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы жалпымедальдік есепте бірінші орын алды. Ел спортшылары 25 алтын, 20 күміс және 21 қола медаль еншіледі.
Улан Ыдырыс