Балаға білім беріп қана қоймай, оның бойына сенім мен ізгілік ұялата білетін жан – ұстаз. Бала күнінен осы мамандықты армандаған Зарина Нұрғалиева бүгінде сүйікті ісін абыроймен атқарып, шәкірттеріне білім беріп келеді. 26 жастағы жас маман – математика және информатика пәндерінен сабақ береді. Явленкадағы Тимофей Позолотин атындағы №1 орта мектепте еңбек етіп жүргеніне – биыл 3 жыл. Әр шәкірттің мінезін, қабілетін танып, білімге деген қызығушылығын ояту – оның күнделікті ізденісінің бір бөлігі.
ЗАРИНА НҰРҒАЛИЕВА, Т.Позолотин атындағы №1 Явленка орта мектебінің математика пәні мұғалімі, Есіл ауданы:
– “Әр адамның бала кезден өз арманы болады. Менің де мұғалім болу – бала кезімнен бергі арманым. Сол арманға жеткеніме қуанамын. Әрине, ұстаздық жол оңай емес. Әр балаға жеке тәсіл керек. Бұл – зор жауапкершілік. Оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттыру үшін олармен жақын араласуға тырысамын. Түрлі ойындар мен тренингтер өткіземін. Әр баламен жеке сөйлесіп, оның жан дүниесін түсінуге, қызығушылықтарын білуге тырысамын”.
Ұстаздықпен қатар, Зарина Нұрғалиева – жас ана. Ана ретінде бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтын ол, ұстаз ретінде де әр шәкіртінің бойындағы жақсы қасиетті қалыптастыруға күш салады.
Жансая Дербисова