Денсаулық сақтау

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары құрметке бөленді

Адам денсаулығы мен қоғам қауіпсіздігін қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандар. Петропавлда санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызмет жұмыскерлерінің мерекесі атап өтілді. Басқосуда білікті мамандарға құрмет көрсетіліп, саланың өңір үшін маңызы сөз болды. Шара шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев ашты.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, облыс әкімінің орынбасары:
– “Тәжірибелеріңіз бен білімдеріңізге сүйене отырып, алдағы уақытта да жүктелген міндетті абыроймен атқаратындарыңызға сенім мол. Жұмыстарыңыз алға басып, бастамалар әрдайым қолдау тапсын”.

Құттықтаудан сөзден кейін кезек марапаттау рәсіміне келіп жетті. Алғашқылардың бірі болып құрметке бөленгендердің арасында Шынар Қасенова да болды. Ақжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысына Денсаулық сақтау министрлігі атынан “Салаға қосқан үлесі үшін” медалі табысталды. Білікті маманның сөзінше, сала кәсіби біліктілікті, асқан ұқыптылықты және табандылықты қажет етеді.

ШЫНАР ҚАСЕНОВА, Ақжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы:
– “Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласында 24 жыл еңбек етіп келемін. Бұл марапат – тек менің ғана емес, ұжым еңбегінің жемісі”.

Түрлі аурулардың алдын алу, мекемелердегі санитарлық талаптардың сақталуы, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін індеттерді анықтау. Бұл – сала мамандарының басты міндеті. Мамандардың еңбегі көп жағдайда көзге көрінбегенімен, қоғам үшін маңызы айрықша.

ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
– “Облыс бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласында 118 адам еңбек етеді. Жыл сайын материалдық-техникалық базамыз жаңарып жатыр. Өңірде қауіпті инфекциялар тіркелген жоқ. Оның барлығы – білікті мамандарымыздың арқасы”.

Айта кетейік, жиында 20-дан астам маман құрметке бөленді. Шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Нурасыл Ахмет