Спорт

Петропавлдық курсанттар 4 алтын еншіледі

 

Петропавлдық курсанттар Алматыда атай солды. ҚР Ұлттық ұланының біріншілігінде болашақ офицерлер 4 алтын, 2 күміс еншіледі. Жеңімпаздарды теміржол вокзалында жолдастары, офицерлер мен сержанттар салтанатты түрде қарсы алды.

Жалпы, Ұлттық ұлан академиясының атынан чемпионатқа 6 курсант және бір нәзікжанды қызметкер қатысты. Олар жеңіл атлетика, әскери үшсайыс, жауынгерлік қарудан оқ ату сынды санаттарда бақ сынады.

БАҚЫТЖАН ЖАНҒУЛИН, ҚР ҰҰ академиясының дене даярлығы және спорт бөлімінің бастығы:
-“Нәзікжанды әскери қызметшіміз 1000 метр қашықтыққа жүгіруден жоғары нәтиже көрсетіп, алтын медаль иеленді. Сонымен қатар, снайперлік және жауынгерлік қарудан оқ ату, әскери үшсайыстан курсанттарымыз жақсы нәтиже көрсетті. Жалпыесептік көрсеткіште 1-ші орын алдық. Сайысқа біз сабақтардан тыс уақытта дайындалдық. Нәтиже өте жақсы. Бұл курсанттарымыздың оқу мен спортты қатар алып жүргенінің нәтижесі деп білемін”.

Сайысқа барлығы 7 команда қатысқан. Олардың қатарында өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бригадалардың өкілдері де болған екен.

ӨТЕМІС ЖОЛДЫБЕК, ҚР ҰҰ академиясының курсанты:
– “Мен осы жарыста әскери үшсайыс бойынша бақ сынадым. Оның құрамына граната лақтыру, кедергі жолағынан өту және жауынгерлік қарудан ату жаттығулары кірді. Жеке есепте екінші орынға ие болдым. Жарысқа қатысушылардың барлығы жақсы дайындықпен келген. Біз де тыңғылықты дайындалдық. Соның нәтижесінде жеке есепте жүлдеге іліктім”.

Алдағы уақытта курсанттар кезекті сайыстарға дайындалады. Жоспар бойынша олар келесі жылы қыста өтеді.

Улан Ыдырыс