Білім

“Педагогикалық идеялар панорамасы”: Петропавлда креативті ұстаздар анықталды

Елімізде 2018 жылдан бастап “Педагогикалық идеялар панорамасы” атты республикалық байқау ұйымдастырылып келеді. Биыл Петропавлда байқаудың облыстық кезеңі өтті. Оған 500-ден астам теріскейлік ұстаз қатысты. Сайыс барысында мұғалімдер түрлі бағыт бойынша өздерінің авторлық педагогикалық идеяларымен бөліседі, оқыту процесіне қажетті тың жобалар мен зерттеу жұмыстарын ұсынады.

ГҮЛЗАТ ӘЛЖАНОВА, “Өрлеу” БАҰО” АҚ СҚОФ кафедра меңгерушісі:
– “Конкурс аясында Солтүстік Қазақстан облысынан 518 ұстаз өтінім берді. 42 педагог 2-ші және 3-ші орын иеленді, ал 1-ші орынға 7 мұғалім жайғасты. Сайысқа қатысушылардың 54 пайызы ауыл мектептерінен келген. Ең белсенділері: Петропавл қаласы, Қызылжар, Ғ.Мүсірепов және Мамлют аудандарының педагогтері”.

Сайыс барысында ең креативті ұстаздар марапатталды. Құрметке бөленген жандардың бірі – Мамлют ауданынан келген Гүлайна Әшірбаева. Нәзікжанды 10 жылдан бері математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол аталмыш байқауға былтыр қатысқан екен, алайда жүлдегер атанған жоқ. Биыл асығы алшысынан түсіп 1-ші орын иеленді.

ГҮЛАЙНА ӘШІРБАЕВА, Мамлют қазақ мектеп-интернатының математика пәні мұғалімі:
– “Ұсынған идеям бойынша оқушылар сабақ барысында өздерін геолог, инженер, экономист немесе шахтер ретінде елестетеді. Сөйтіп, мен оларға математикалық тапсырмалар беремін. Осы арқылы оқушылар әртүрлі мамандықтарда математиканың қандай рөл атқаратынын түсінеді”.

Айта кетейік, енді 1-ші орын иеленген ұстаздар өңір намысын байқаудың республикалық кезеңінде қорғайды. Ол 6 қазан күні Астана қаласында өтеді.

Аружан Султанова