Білім

Өзі оқыған мектепте тәлім беріп жүрген ұстаз

Ұстаздықты жүрек қалауымен таңдаған педагогтің бірі – бастауыш сынып мұғалімі Лариса Просветова. Оның шәкірт тәрбиелеп жүргеніне 37 жылдан асқан. Нәзікжандының ұлы жолды таңдауына әпкесі себеп болыпты. Ол шәкірт тәрбиелеумен қатар, жас мамандармен тәжірибесімен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп келеді.

ЛАРИСА ПРОСВЕТОВА, Т. Позолотин атындағы №1 Явленка орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Есіл ауданы:
– “Явленка ауылында тудым. Дәл осы мектепте білім алдым. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін білім ұясына мұғалім болып келдім. Бар өмірім білім ордасында өткендей. Мен оған еш өкінбеймін. Керісінше, шәкірттерім биік белестерді бағындырса, менің еңбегімнің жемісі деп білемін”.

Кез келген ғимараттың жақсы тұрғызылуы іргетасының берік болғанына байланысты. Мектептегі бастауыш сынып та солай. Білім ұясының табалдырығын аттаған кезде сабақты үздік оқысаң, орта және жоғары сыныпқа көшкен кезде бала аса қатты қиналмайды. Осы ретте ұстаздың да қосар үлесі зор. Ондаған жылдың ішінде Лариса Алексеевна талай жастың томағасын сыпырды, жарқын болашаққа жол ашты.

ЛАРИСА ПРОСВЕТОВА, Т.Позолотин атындағы №1 Явленка орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Есіл ауданы:
– “Мұғалім баланың жанын түсініп, оған сенім арта білу керек. Әр шәкірттің бойынан жақсы қасиет табуға тырысқан жөн. Мен балақайларға тек сабақ беріп қана қоймай, бойларына отансүйгіштік пен адалдық қасиетін сіңіргім келеді. Балаларды тәрбиелеуге арналған жеке әдісім бар. Оларға сол бойынша барлығын түсіндіремін”.

Бүгінде аталған мектепте 500-ден астам оқушы білім алады. Оларға 80-ге жуық ұстаз тәлім береді. Өткен оқу жылында білім ұясын 34 түлек тәмамдаған. Оның басым бөлігі грант иегері атаныпты. Бұл жетістікке талай жыл бойы маңдай терін төккен педагогтердің қосқан үлесі зор.

 

Жансая Дербисова