Акварель, майлы бояу, графика және қолданбалы өнер туындылары. С. Мұқанов атындағы облыстық кітапханада Ұстаздар күніне орай суретші мұғалімдердің туындыларынан көрме ұйымдастырылды. Көрме жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Әр суретте автордың өмірге деген көзқарасы, ішкі толғанысы мен шабытынан туған бояу құдіреті айқын көрінеді. Мұғалімдердің туындыларында туған жердің табиғаты, ұлттық құндылықтар мен табиғатты қорғау тақырыптары қамтылған.
НАТАЛЬЯ ЧУРЯК, С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім басшысы:
– “Шараны өткізудегі мақсат – ұстаздардың тек шәкірт тәрбиелеудегі еңбегін ғана емес, олардың шығармашылық қабілетін паш ету. Әр еңбектің астарында терең мән-мағына жатыр. Көрме бір ай бойы жұмыс істейді, кіру тегін. Келіп тамашалауға ниет білдірушілерге есігіміз әрдайым ашық”.
Көрмеге өз туындыларын ұсынғандардың қатарында Елена Сафинова да бар. Ол 15 жыл бойы балаларға сурет салуды үйретіп келеді. Осы уақыт ішінде талай жастың өнерге деген құштарлығын оятты. Білікті маман акрил бояуымен жұмыс істегенді ұнатады. Шараға әртүрлі техникада орындалған үш ерекше туындысын әкеліпті.
ЕЛЕНА САФИНОВА, Оқушылар сарайы көркемсурет мектебінің оқытушысы:
– “Әр күнімнен ләззат аламын. Күнделікті қолданыстағы заттарды үйлестіре отырып көз тартарлық дүние жасағым келеді. Табиғатты бейнелегенді жаным сүйеді. Сурет салғанда бірнеше түс қолданамын. Бояудың әр түрлі болуы адамның көңіл күйіне әсер етеді.
Шараға келген қонақтар мен өнерсүйер қауым көрмедегі туындыларды жоғары бағалады. Шараға барлығы 9 шалқар шабыт иесі қатысты. Білікті мамандар көрермендер назарына 30-ға жуық туынды ұсынды.
Жаннур Бектурганова