Әлемге танымал Кембридж университетінде өңір тарихынан сыр шертетін “Ботай – Ұлы дала мәдениеті” көрмесі ашылды. Басты мақсат – байтақ даламыздың тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытып, жылқыны алғаш үйреткен мекенді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу. Келушілер назарына музей қорындағы көне жәдігерлер мен тұрмыстық бұйымдар, сондай-ақ, бейнелеу өнерінің 22 туындысы ұсынылды. Шараға Қазақстан, Ұлыбритания және өзге елдердің жетекші археологтары мен зерттеушілері қатысты. Жиында қола және темір дәуірлерінен бастап орта ғасырлар мен көшпелі қоғамдарға дейінгі Еуразия тарихының өзекті мәселелері талқыланды.
ГҮЛНҰР ЗЕЙНЕЛҒАБИДЕНОВА, «Ботай» АРТ-галереясының директоры:
– “Көрмеге келушілердің қатары күн сайын артуда. Олардың арасында қала тұрғындары, студенттер мен туристер бар. Көрме келушілердің қызығушылығын тудырып отыр. Себебі, мұнда археология саласындағы тың дүниелер, этнографиялық жәдігерлер және ірі өнер туындылары қойылған”.
Нурасыл Ахмет