Аға буын өкілдеріне қамқорлық. Қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері Қарттар күніне орай “Надежда” қарттар үйіне барды. Жастар мекеменің ауласындағы қоқысты жинады, маңайды абаттандырды. Тазалық жұмыстарынан кейін қарияларға дастархан жайылып, көңілдерін көтеру мақсатында арнайы іс-шара ұйымдастырды.
Галина Эйзенбраунның қарттар үйі келгеніне 5 жылдан асқан. Жасы 70-тен асқан нәзікжанды талай жыл бойы Мамлют ауданында мектеп директоры болып қызмет еткен. 3 баласы, 7 немересі бар. Алайда, қарттар үйінде тұрамын деп өзі шешім қабылдапты.
ГАЛИНА ЭЙЗЕНБРАУН:
– “Мұнда өзімді үйдегідей еркін сезінемін. Жағдайымыз қолайлы. Өзіммен жасы бірдей адамдармен әңгімелесемін, сүйікті істеріммен айналысамын. Балаларыма масыл болғым келмейді. Жастар мен волонтерлер бізге жиі келіп тұрады. Концерт ұйымдастырып, көңілімізді көтереді. Жастардың бізге деген мейірімі жүрегімізді жылытады”.
Кезінде олар аянбай еңбек етті, ұрпақ өсірді. Бірақ, қартайған шағында жалғыз қалды. Бірінің жақындары жазым болса, екіншілерін туғандары тастап кеткен. Қарттар үйінде ата-әжелер үшін барлық жағдай жасалған. Оларға мекеме қызметкерлері барынша қамқорлық танытады, 4 мезгіл ыстық тамақ беріледі. Қажет болған жағдайда жедел түрде медициналық көмек көрсетіліп, жақын маңдағы ауруханаға жеткізіледі.
АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
– “Қарттарға арнап шағын дастархан жайдық, ән шырқадық, әңгімелестік. Өмір көрген қариялар жастарға ақылдарын айтты. Шараның басты мақсаты да осы. Мұндай шаралар ұл-қыздардың бойында адамгершілікке баулып, жанашырлық сезімін оятады”.
Қариялар мұнда не ішемін, не жеймін, не киемін деп уайымдамайды. Бөлмелері таза, кірлері жуулы. Қариялардың бір күні де босқа өтпейді. Әр күнге арналған арнайы жоспар бар. Көңілге қаяу түсіретіні – туған балаларының ата-ана алдындағы міндетін мекеме қызметкерлері атқарып жүр.
Жаннур Бектурганова