Петропавлдық Людмила Волкова жақында күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрыла жаздады. Ол алаяқтардың арбауына түсті. Бәз біреу оған домофон компаниясының атынан хабарласқан. Подъезд есігіндегі электронды кілт ауыстырылғанын, кіріп-шығу үшін SMS арқылы уақытша код ұсынылатынын айтқан. Соны мәлімдеуді сұрапты. Бұған 69 жастағы аңғал қала тұрғыны иланып қалыпты.
ЛЮДМИЛА ВОЛКОВА, зейнеткер:
– “Мен сыртқа шыққанда үйде мүмкіндігі шектеулі қызым қалады. Соны ойлап және өзімнің оңай кіріп-шыға алмайтынымды түсініп, кодты айта салдым. Арада 40 минут өтті. Телефоныма менің атыма несие рәсімделгені жайлы хабарлама келді. Көп ұзамай бірнеше қоңырау қабылдадым, тілдескеннің барлығы алаңдамаңыз, ешкімге хабарласпаңыз, сізге бөлек маман бекітіледі, бәрін өзіміз реттейміз деп сендірді. Мен уайымға салындым. Алаяқтар код арқылы менің деректеріме өткен. Сонда жинақта ақша барын көріпті”.
Ақша барына көз жеткізген алаяқтар осы жерде алдау тәсілін өзгертеді. Олар жинаған қаржыны сақтап қалу үшін депозидтен шешіп алып, «қауіпсіз шотқа» аудару керек деп сендіреді. Бойын үрей билеген Людмила Волкова айтқанға көнеді. Банкке барып, 2 750 000 теңге алады. Қулар зейнеткермен үнемі байланыста болған екен. Біреу келіп, өзін полицей ретінде таныстырса, оған нануға болмайтынын ескерткен. Сондықтан петропавлдық алғашқы сәтте банкомат алдында азаматтық киімде қызметтік куәлігін көрсеткен шендіге сенбепті.
ЛЮДМИЛА ВОЛКОВА, зейнеткер:
– “Алаяқтар менімен үнемі байланыста болды. Банкқа барғанша, банкоматқа жеткенше сөйлестік. Жол-жөнекей “біз сізге көмектесіп жатырмыз” деген сарындағы әңгіме айтты. Ақша аудару жолын да түсіндіретін болды. Сауда орнында менің тұрысым күмән туғызған болу керек. Қасыма полиция қызметкері келіп, мән-жайды сұрады. Мен онымен сөйлесуден бас тарттым. Ол “сіз алаяқтардың құрбаны боласыз” деп операцияны дереу тоқтатты”.
Бұған зейнеткер қуанышты. Ол тәртіп сақшысына алғысын білдірді. Айта кету керек, облыстық полиция департаментіне қарасты арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкері Азамат Тажбаев пен оның әріптестері банкоматтар орналасқан орындарда кезекшілік атқарады.
ЖАНГЕЛДІ ӘПЕНОВ, СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
– “Полиция қызметкерлері сауда үйлерінде орналасқан банкоматтардың жанында тұрақты түрде кезекшілік атқарады. Олардың басты міндеті – интернет-алаяқтардың ықтимал құрбандарын анықтау. Әдетте мұндай топқа телефонмен сөйлесіп тұрған адамдар, зейнеткерлер және қомақты қаражат аударатындар жатады. Осындай кезекшіліктердің нәтижесінде жыл басынан бері облыста жалпы сомасы 60 млн теңгеден асатын 36 алаяқтық фактісінің жолы кесілді”.
Полицейлердің мәліметінше, 8 айда облыста 389 интернет-алаяқтық тіркелген. Оның 248-і «банктен қоңырау шалу» тәсілі бойынша жүзеге асыпты.
Байболат Култанов