ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
-“Мен қазір Жұмысшы кентіндегі Щорс көшесінің бойында тұрмын. Өздеріңіз көріп тұрғандай, мұнда орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Себебі, бұл жолға бұған дейін ешқашан асфальт төселмеген”.
Мұндағы маңызды іске “СпецТреид ТМ” компаниясы жауапты. Мердігер жөндеу жұмыстарын шілде айында бастаған. Қазіргі күні Щорс және Пугачев көшелеріндегі 3 мың шаршы метр аумаққа асфальт төседі. Ал Тепловозный көшесінде жол негізін дайындау, су ағызатын құбырларды орнату ісі жүргізілуде.
АЗАТ БОГОНАЛИМОВ, “СпецТреид ТМ” компаниясының Петропавл қаласындағы жоба жетекшісі:
– “Бұл көшелер бұған дейін асфальт көрмеген. Жауын-шашын кезінде жолдың кей бөліктеріне су жиналып, лай мен батпақ пайда болатын. Қазір 3 бригада еңбек етіп жатыр. Әр бригадада 3 техника бар. Экскаватор-тиегіштер, самосвалдар және грейдерлер жұмыс істеуде. Биыл жобаның 90 пайызын аяқтауды жоспарлап отырмыз”.
Биыл қаладағы 26 көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бәрінде асфальт болмаған.
ТИМУР ЖҰМАНОВ, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
-“Жобаның жалпы құны шамамен 3,3 млрд теңгені құрайды. Бүгінде оның 1 млрд теңгеге жуығы игерілді. Қазіргі уақытта жұмыстар жоспарға сай жүріп жатыр. 5 көшеге асфальт төсеп үлгердік. Қалған учаскелерде жол негізін дайындау және су бұру жүйесін орнату ісі жүргізілуде. Барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды жоспарлап отырмыз”.
Айта кетейік, Жұмысшы кентіндегі 3 көшені жөндеуге шамамен 665 млн теңге бөлінген. Жұмыстардың басым бөлігі биыл аяқталады. Ал қалған бөлігі келесі жылы тындырылады.
Улан Ыдырыс