Ғауез Нұрмұхамбетовтың жұмыс сапары аудандағы спорт нысандарын аралаудан басталды. Мәселен, Келлеровка ауылында волейбол алаңы мен «Keller Arena» футбол алаңы салынған. Жобаның жалпы құны – 20 миллион теңге. Оның 17 миллион 300 мың теңгесі облыстық бюджеттен, 2 миллион 700 мыңы жергілікті қазынадан бөлінген. Жаңа спорт алаңдары ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың бас қосатын орнына айналды. Келлеровкада 400-ге жуық оқушы бар. Енді олар жылы мезгілде спортпен ашық аспан астында айналыса алады.
Бұдан кейін өңір басшысы аудан орталығына аттанды. Тайыншадағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда жастармен қатар аға буын өкілдері де спортпен тұрақты айналысады. Аптасына үш рет 60 жастан асқан тұрғындарға арналған «Денсаулық топтары» жаттығуы өтеді. Қазір бұл топта 40-қа жуық адам бар. Сонымен қатар Ғауез Нұрмұхамбетов ауданның жылыту маусымына дайындығын тексерді. Бүгінде Тайынша қаласына екі қазандық қызмет көрсетсе, тағы төртеуі ауылдық округтерді жылумен қамтиды. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Тайынша Тазалық» кәсіпорнына қарасты «Железнодорожный» шағын ауданындағы қазандықтың жұмысымен танысты.
ӘДІЛЕТ РАХЫМЖАНОВ, Тайынша ауданы әкімінің орынбасары:
– “Модернизация жұмыстары аясында қазандыққа да көңіл бөлінді. Мұнда қазандық пен жылу желісіне толықтай жөндеу жүргіздік. Жылу желісін жаңарту барысында қазандықтардың бірі жұмысын тоқтатты. Бұған дейін бізде үш қазандық болған, қазір екеуі қалды. Жұмысын тоқтатқан қазандық 1957 жылы салынған ескі нысан. Қазір оны негізінен сорғы станциясы ретінде пайдалануды жоспарлап отырмыз. Жалпы, қазандық дайын. 1 қазанда жылу беруді бастауды жоспарлап отырмыз”.
Одан әрі Ғауез Нұрмұхамбетов 130 төсек-орынға шақталған Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасына барды. Биыл мұнда мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Оған Арнайы мемлекеттік қордан 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, облыстық бюджеттен тағы 137 миллион теңгеден астам қаражат бағытталған. Сонымен қатар бұл – ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасына енген еліміздегі 32 медициналық ұйымның қатарындағы өңірдегі жалғыз аурухана.
МАҚСАТ ҚҰДРАТУЛЛАЕВ, Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының директоры:
– “Біз қабылдау бөлімін толықтай қайта жабдықтадық. Науқасты қабылдау және әкелу үшін жабық пандус жасадық. Сонымен қатар қабылдау бөліміне әлемдік тәжірибеде қолданылатын триаж жүйесін енгіздік. Бұл жүйе науқастарды жағдайының ауырлығына қарай тиісті бағыттарға бөлуге мүмкіндік береді. Қабылдау бөлімінің жанынан жансақтау бөлімін ашып, қазіргі таңда ангиографиялық қондырғы мен МРТ аппаратын орнаттық. Қазір МРТ аппаратын іске қосу жұмыстары жүргізілуде, науқастарға зерттеу жасап жатырмыз. Ал ангиографиялық қондырғы бойынша рұқсат құжаттарын рәсімдеу кезеңі жүріп жатыр. Барлық қажетті жұмыстар аяқталғаннан кейін, мұнда жедел инфаркт пен инсульт алған науқастарға толыққанды медициналық көмек көрсетіледі. Бұрынғыдай оларды облыс орталығына ауыстырудың қажеті болмайды. Науқастар қажетті емді осы жерден алады”.
Осы жерде медицина мамандарына 12 арнайы автокөліктің кілті табысталды. Көліктер жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қолдауымен сатып алынған. Енді олар ауданның 18 ауылдық округіндегі тұрғындарға медициналық қызмет көрсету үшін пайдаланылады.
СЕРГЕЙ ЗВОЛЬСКИЙ, «АСТЫҚ-STEM» ЖШС директоры, Тайынша ауданы:
– “Бүгінде біз тез өзгеріп, қарқынды дамып жатқан заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан сапалы әрі жылдам жедел жәрдем көліктері қажет. Өйткені кейде адам өмірі санаулы минуттар, тіпті секундтар ішінде шешіледі. Сондықтан біз қаражат тауып, өз ауылдық округімізге, тұрғындарымызға жаңа көлік алып беруді жөн көрдік. Өйткені бұл жерде тұратын адамдардың барлығы біз үшін еңбек етіп жүр. Біздің міндетіміз – олардың дені сау, мықты әрі аман болуы”.
Облыс әкімі аудандық полиция бөлімінің жаңғыртылу барысымен де танысты. Бөлім заманауи цифрлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл полицейлердің жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Тайыншада жедел басқару орталығы жұмыс істейді. Оған аудан орталығындағы 72 бейнекамера қосылған. Сапар барысында Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобаны да көрді. Солардың бірі – бес қабатты тұрғын үй құрылысы. Жаңа ғимаратта 24 пәтер болады. Сондай-ақ өңір басшысы әлеуметтік осал топтарға арналған 18 пәтерлі үш үйдің құрылысын тексерді. Әр баспанада 6 бір бөлмелі, 7 екі бөлмелі және 5 үш бөлмелі пәтер қарастырылған. Үйлерді биыл қазан-қараша айларында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, аудан орталығында «Digital Aimaq» бастамасы аясында креативті IT-орталық ашылған.
НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, SKO HUB филиалының директоры:
– “Біздің облыста қазір осындай 15 орталық жұмыс істейді. Оның 11-і аудандарда, 4-еуі ауылдық жерлерде орналасқан. Осы уақыт аралығында 328 іс-шара өткізіліп, оған 6700 адам қатысты. Оның ішінде 500 адам нақты практикалық дағдыларды меңгерді. Яғни, бұл – бір немесе екі аптаға созылатын оқу курстары. Онда біз тұрғындарға цифрлық сауаттылық пен цифрлық дағдыларды үйретеміз. Қазір әртүрлі аудандарда 10 жобаны дамытып жатырмыз. Олардың барлығы, негізінен, нарыққа шығып, өз жобаларын монетизациялауға дайын”.
Жаңа IT-орталық инвестиция тарту мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған алаңға айналмақ. Өңір басшысы Қытай компанияларының өкілдерімен кездесті. Инвесторлар облыста терең өңдеу зауытын және цифрлық коммерция кеңсесін ашуды жоспарлап отыр.
Аружан Султанова