Петропавлда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында “Мейірімділік пен түсіністікке жол ашық” атты облыстық өнер фестивалі ұйымдастырылды. Қатысушылардың шығармашылық әлеуетін ашып, рухани қолдау көрсету мақсатындағы байқау жылда өтеді. Шараға өңіріміздің аудандары мен Петропавлдан 30-дан астам адам қатысты.
ИНДИРА ЖАНҒҰНАҚОВА, халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы:
– “Фестиваль әртүрлі жанрда, атап айтсам, хореография, вокал, ым-ишарамен ән салу, көркемсөз сынды номинациялар бойынша өтеді. Жас ерекшелігінде шектеу жоқ. Мұнда қарт адам да, кішкентай бала да бар. Біз мүмкіндігі шектеулі адамдардың бойындағы талантты ашқымыз келеді. Олардың қоғамға жақын болғанын қалаймыз”.
Нина Антонова – қатысушының бірі. 45 жастағы нәзікжанды – 2-ші топтағы мүгедек. Ол денсаулығына байланысты қиындықтарға қарамастан бала кезінен білім алып, сүйікті ісімен айналысып келеді.
НИНА АНТОНОВА, қатысушы:
– “Мен сурет салып, ермексаздан туынды жасап жүргеніме 8 жыл болды. 31-ші мектепте педагог-көмекші болып жұмыс істеймін. Балалардың қабілетін ашуға көмектесемін. Екі жоғары білімім бар. Мен осындай іс-шараларға қуана-қуана қатысамын”.
Кездесуде өнермен қоса мейірім көрініс тапты. Фестиваль соңында қатысушыларға дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
Аружан Султанова