Облыс орталығында Қызылжар ақындарының шығармашылық кеші өтті. Бұл – аққайыңдар өлкесіндегі шалқар шабыт иелерінің көптен күттірген басқосуы. Мұндай жиын соңғы рет Мағжан туған мекенде табаны күректей 41 жыл бұрын өтіпті. Солтүстікте суырып салатын дарындар бар. Солардың басы үнемі бір арнада тоғысса, өңірде руханияттың оты одан әрі лапылдай түседі. Ұлы өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады.
САМРАТ ҚҰСКЕНОВ, “Қызылжар клубы” ұйымының төрағасы:
– “”Қызылжардан ескен леп” атты әдеби-сазды кешіміздің басты мақсаты – өнерде, әдебиетте, мәдениетте жүрген іні-қарындастардың ұлы жолда қадам басуына ықпал ету. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов, Есләм Зікібаев секілді алыптардың елінде таудай талабы бар, ұмтылысы бар жастар баршылық. Сондай жастарды тауып, осы ортаға әкеліп қосамыз”.
Шығармашылық кеште 4 ақын төбе көрсетті. Томағасы сыпырылған жас таланттар туған өлке жайлы және лирикалық өлеңдерін оқыды. Туындылары таңдай қақтырады. Отты сөздер, салмақты сипат пен керемет теңеу. Бұлардың барлығы құлақтан кіріп, бойды алды. Қарлығаш Қаратаева – айдынына аққу қонып, қаз ұшқан Айыртаудың тумасы. Бүгінде емендей ақындарға бой түзеп өсіп келеді. Өлеңдері мақтауға лайық.
ҚАРЛЫҒАШ ҚАРАТАЕВА, ақын:
– “Бүгінгі іс-шараға қатысу себебім, біз мектеп қабырғасында жүргенде де аудандық, облыстық, республикалық іс-шараларға қатыстық. Бірақ, ол іс-шараларға қатысу бізді әрі қарай шыңдалуымызға кішкене аздық етті. Сол себепті, осы университет қабырғасына кіріп, өзімізді әрі қарай шыңдау керек болды. Қолымызға қалам алған ақын ретінде өзімізді әрі қарай дамыту мақсатында осындай мүшәйра сияқты іс-шараларға барынша қатысып отыруға тырысамыз. Бұрын мүшәйраға қатыстым: “Ақберен” сайысына, Абай оқуларына, Мағжан оқуларына, Мұқағали оқуларына қатысып, аудандық кезеңнен, облыстық кезеңнен, республикалық кезеңдерден орын алып, мектебіміздің атын шығарған болатынбыз”.
Бұл бастама әрмен қарай жалғасын табады. Енді осындай кештер жас дарындарды іздеу әрі ынталандыру мақсатында мектептерде ұйымдастырылмақ. Дарындар дидарласқан шараға күміс көмей әншілер де шақырылған. Олар қатысушылар мен тыңдарманға туындыларын тарту етті.
Сандугаш Кайырбек