Қоғам

Концерт және жәрмеңке: Есіл ауданында Қарттар күні аталып өтті

ЖАНСАЯ ДЕРБІСОВА, тілші:
– “”Қартын қадірлеген елдің қашан да берекесі артық” дейді халқымыз. Бүгін Есіл ауданының Явленка ауылында осы сөздің мәні айқын көрінді. Мұнда үлкендерге құрмет көрсетіліп қана қоймай, ауыл тұрғындарын бір арнаға тоғыстырған ерекше мерекелік шара өтті”.

Орталық алаңға жиналған халықтың қарасы қалың. Көптен күткен мереке. Ақ жаулықтарын жарастыра таққан әжелер мен костюмдерін арнайы киген ақсақалдар алаңға сән берді. Олар бір-бірімен қауышып, жылдағы мейраммен құттықтауда.

Мерекелік жиында аудан әкімі Мереке Мұхамедияров ауылдың үлкендерін айтулы күнмен құттықтап, ақ тілегін жеткізді. Аға буынға ұзақ ғұмыр тіледі, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесінің кейінгі ұрпақ үшін маңызды екенін атап өтті.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:
– «Сідердің әрбір қадамдарыңыз – тарих, әрбір еңбектеріңіз – өнеге. «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» дейді дана халқымыз. Сіздердің ақыл-кеңестеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіз бүгінгі ұрпақ үшін шамшырақ болып, болашаққа бағыт береді. Ауданымыздың өркендеуі, мектептер мен мәдениет ошақтарының бой көтеруі, денсаулық сақтау саласының нығаюы – бәрі сіздердің еңбектеріңіздің жемісі».

Думанда аға буын өкілдерінің өздері сахнада өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Би билеп жастық шақтарын еске алды.Мерекелік шарамен қатар елді мекеннің орталық алаңында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де өтті. Сауда барысында жұртшылыққа арзан бағамен азық-түлік ұсынылды. Оның ішінде ет және сүт өнімдері, жұмыртқа мен бал бар. Барлығы – 20-ға жуық кәсіпкер өз өнімдерін әкелген.

ВАДИМ КРАСНОЩЕК, Есіл ауданы әкімінің орынбасары:
– «Бүгінгі жәрмеңкеде ет өнімдерін «Пушкинская» және «Московская» шаруашылықтары ұсынды. Шамамен 2 тонна сиыр еті сатылды. Сонымен қатар, 40 тоннаға жуық жем әрі 25 тоннадан астам шөп сатылды”.

Бұдан бөлек, жәрмеңкеде аудан тұрғындарына кондитерлік өнімдер ұсынылды.

НАТАЛЬЯ КОПТЕВА, кәсіпкер, Есіл ауданы:
– «Тәттілерді осы күннің мәніне сай безендіріп, арнайы топтамамен ұсындық. Кәсібімізді дамытуға серпін беріп отырған қолдауға ризашылығымызды білдіреміз. 2020 жылы субсидиялау бағдарламасы арқылы қаржы алып, кәсібімізді кеңейттік. Осындай жәрмеңкелерге қатысып, өз өнімдерімізді ұсыну – біз үшін зор мүмкіндік”.

Жәрмеңкеге жергілікті іскерлермен қатар, қолөнершілер де қатысты. А.Шәжімбаев атындағы №3 орта мектептің мұғалімі Әсемгүл Төлебаева ұжыммен бірлесіп жасаған бұйымдарын әкелген.

ӘСЕМГҮЛ ТӨЛЕБАЕВА, Есіл ауданының тұрғыны:

– «Ярмаркаға әртүрлі күз мезгіліне байланысы бар туындыларды дайындап әкелдік. Сонымен қатар, 3D картиналар жасадық. Бұдан бөлек, суреттер салынды, балаларға арнап қуыршақтар тіктік”.

Есіл ауданында ауылшаруашылық жәрмеңке жылына бірнеше рет өткізіледі. Жергілікті тұрғындар үшін бұл іс-шара дәстүрге айналған.

 

Жансая Дербисова